Айына 2,5 млн теңге табыс табатын тараздық келін көпшілікке кеңесін айтты
Жамбыл облысы Тараз қаласының тұрғыны Бану Серік фудблогерлікпен айналысып, айына 1-2,5 млн теңге табыс тауып отыр. Бұл туралы ол Ernur.kz порталына берген сұқбатында айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Бану 2 жылдан бері 8 мың қызға түрлі ас мәзірлерін үйретіп, фудблогерлікпен айналысып жүр. Бүгінде 26 жастағы келіннің өз мектебі, жеке кәсібі бар. Ай сайын 1-2,5 миллион теңге аралығында табыс тауып, фудблогерлікті шыңдаған нағыз маман. Оның негізгі табыс көзі – serikova_cook инстаграм парақшасы, 240 мыңнан аса оқырманы бар. Өмір бойы жинаған тәжірибесін кәсіпке айналдырып, келіндік міндетімен бірге барлығына үлгеріп жүргенін жасырмайды.
Ол өзін үй жұмыстарына баулыған нағашы әжесі екенін атап өтті.
"7 жасымнан бастап нағашы әжемнің тәрбиесінде өстім. Әжемнің көмекшісі әрі еркесі бола жүріп кішкентайымнан қамыр илеп, нан жаптым. Тіпті, сиыр саууды үйреніп, үйдің бар тірлігіне қолғабыс ететінмін. Өсе келе менің асүйге деген махаббатым арта түсті", - дейді Бану.
Фудблогер қазақ әйелдеріне бірнеше кеңесін де айта кетті.
Қостанайлық отбасы ауылда тұрып, айына 4 миллион теңге тауып отыр
"Ас үй ханшайымдарына айтарым, дәмді тағам, тәтті дүниені жасау үшін ешқандай қаражаттың қажеті жоқ. Иленген қамыр мен пияздың өзінен дәмді тағам даярлап жіберуге болды. Сонымен қатар, ас даярлау үшін белгілі бір білімнің қажеті жоқ деп айтар едім. Ең алдымен адамда ынта мен өз ісіне деген махаббат болуы керек", - деді ол.
Сонымен қатар Бану бірнеше лайфхактармен бөлісті.
"Мысалы, бесбармақтан қамыр артылса, оны тоңазытқышқа емес, мұздатқышқа сала беріңіз. Уақыт болғанда қамырды мұздатқыштан шығарып, ортасына май жағып қатпарлы самса жасай берсеңіз болады. Не болмаса, бір зуала қамырды жайып, ортасына пияз, сұйық май, тұз қосып араластырып, орама қып, духовкада пісіріп алуға болады! Өте дәмді орама шығады.
Аспаздық өнеріне ең алдымен тазалық қажет. Содан соң шығын шығармай жұмыс жасау маңызды. Яғни, қызанақты солған, пиязды үсіген, болгар бұрышын көгерген жағдайға жеткізбес үшін - дәмді салат даярлап жіберуге болады.
Аспаз ретінде айтарым, әр аптаның 7 күніне ас мәзірін құрып қою керек. Егер сіз жоспар құрып үйренсеңіз, демек, уақытты тиімді пайдалана білесіз деген сөз. Аптаның жеті күнінің бір күнін асүйге арнасаңыз, жеті күннің ас мәзірін дайындап тастауға болады. Голубцы, тұшпара, манты бәрін мұздатқышқа қатырсаңыз болады. Қуырдақтың өзін даярлап, суытып, контейнерлерге салып тастасаңыз, кез келген уақытта ысытып жей беруге жағдай жасар едіңіз.", - деді тараздық келіншек.
https://ernur.kz/dastarkhan/taraz-kalasynyn-kelini-aiyna-25-mln-tenge-tabady