Айына 120 мың теңге: Денсаулық сақтау министрлігі қазақстандық дәрігерлердің жалақысына түсініктеме берді
Фото: istockphoto.com
Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов денсаулық сақтау саласындағы патологоанатомның 120 мың теңге жалақы алғаны туралы жазбасына пікір білдірді.Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Брифинг барысында вице-министрден әлеуметтік желіде 120 мың теңге жалақы алғанын жазған патологоанатомның жазбасына түсініктеме беру сұралды.
Тимур Мұратовтың айтуынша, дәрігерлердің еңбекақысы расымен төмен.
"Шынымды айтсам, жеке пікірім аз, аз төлейміз дәрігерлерге. Жалпы медицина, клиникалық емдеу ісі әлемде ең жоғары жалақы төленетін мамандықтардың бірі. Бірақ елдегі қазіргі экономикалық жағдайды да ескеру керек. Өкінішке қарай, дәрігерлерге қазіргі деңгейден артық төлей алмаймыз. Егер нақты дерек берсеңіздер, мен қарап, тексеріп шығамын. Мүмкін, басқа ұсталымдар болған шығар. Жалпы жүйеде дәрігерлердің медиандық жалақысы шамамен 400 мың теңге. Ал патологоанатом ол да дәрігер, демек оның да табысы осы шамада болуы керек", - деді ол.
Сонымен қатар, Мұратовтың айтуынша, барлық ауруханалар мен емханалар қосымша табыс таба алады, олар халыққа міндетті тегін медициналық кепілдендірілген көмектен (ТМККК) және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан (МӘМС) тыс ақылы қызметтер көрсете алады.
"Бұл қосымша сервистік қызметтер, мысалы, кейбір босанатын әйелдер өзіне дәрігер немесе акушер арнайы таңдағысы келеді. Бұл ақыны аурухана өзіне қалдырмайды, ол қызметкерлерге дифференциалды төлем немесе сыйақы түрінде төленеді", - деді ол.
Вице-министрдің айтуынша, дәрігердің жалақысы тікелей міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне байланысты болады.
"Мысалы, жұмыс беруші, жеке тұлғалардың жарналары жоғары елдерде, мысалы Оңтүстік Корея сияқты елдерде жалақы да жоғары. Барлығы тікелей МӘМС-ке байланысты", - деп түйіндеді Тимур Мұратов.
Айта кетейік, кеше Threads әлеуметтік желісінде тағы бір медицина қызметкерінің жазбасы жарияланды. Ол 10 жылдан бері жедел жәрдемде жұмыс істейтінін және айына 170 мың теңге алатынын жазған. Сондай-ақ кеше жарияланған ресми статистика бойынша, 2025 жылдың үшінші тоқсанында Қазақстандағы орташа айлық жалақы 429 368 теңге болған. Ал бұған дейін хабарланғандай, жұмыс берушілер ұсынатын медиандық жалақы 268 970 теңге, яғни елдегі орташа көрсеткіштен бір жарым есе төмен.
Журналистер "СК-Фармация" ЖШС басқарма төрағасы Нұрлыбек Асылбековтен компания басшылығының сыйақы қорының өсуіне қатысты сұрақ қойды. 2024 жылғы қаржылық есепке сәйкес, топ-менеджменттің еңбекақы қоры алдыңғы жылмен салыстырғанда 20 миллион теңгеге артқан.
Асылбеков жалақының өскенін жоққа шығарды.
"Қызық сұрақ қойдыңыздар. Жоқ, жалақы сол деңгейде қалды. Шамамен 1,5 миллион, сіз айтып отырған 1,4 миллионның айналасында. Сондықтан ондай өсім жоқ. Ал еңбекақы қорының өсуі неліктен болуы мүмкін? Бұл жаңа қызметкерлерді тарту немесе өзіміздің мамандарды жоғарылатуға байланысты. Ал басқарма мүшелері мен басшылықтың жалақысы бұрынғы деңгейде", - деді ол.