Айгүл Иманбаева: Бұрынғы ата-енеме әлі күнге дейін “шымкентше” сәлем саламын
Айгүл Иманбаева жастарды күйеуімен ұрысса да, ата-енесімен тату болуға шақырды. Әншінің өзі де әлі күнге дейін оларды “мама, папа” деп атап, көрген жерде “шымкентше” сәлем береді екен.
Сурет: Айгүл Иманбаеваның жеке парақшасынан
Бұл туралы Бірінші арнаның “Қалаулым” бағдарламасында айтылды.
“Өнер деп өмір сүргеннен кейін таңнан кешке дейін түсірілім алаңында, театрда, эстрада мен телевидение сахнасында, үлкен концерттерде, сұхбаттарда жүріп жатамыз. Бұл – заңдылық. Оны жаңалық деп айтуға келмейді. Менің жұмысым осы. Таңертең тұрғаннан бетке “5 тонна” бояу жағамын. Аяққа өкшесі 15 сантиметр болатын туфли киіп, жұмысқа келемін. Өзімнің жеке театрым Астана қаласына қоныс аударып жатыр. Оның өзі үлкен еңбекті талап етті. Бірақ, бұл жаңалыққа бір жылдан асып кетті. Астанаға жерсініп бірден үйрене алмасам да, өзінің жақсы тұстары бар. “Шабыт” өнер академиясында Айман Қожабекқызының шақыртуымен ұстаз болып жұмыс істеп жүрмін. Екінші курсқа көшкен 20 шақты студентім бар. Ал жаңа бейнебаян, жаңа ән деген нәрселердің барлығы өз ретімен жүріп жатыр.
Менде осы күнге дейін екінші рет тұрмысқа шығып, балалы-шағалы болып кететін талай мүмкіндік болды. Күні бүгінге дейін ол мүмкіндік бар. Бірақ, ол отбасы мен өнерді қатар алып жүремін деген қыз-жігіттерге қатысты болуы керек. Мен бірінші рет балалықпен тұрмысқа шықтым. Ол жігіттің уысына 17-18 жасымда түстім. Менің күйеуіммен айырылысып кеткеніме биыл тура 20 жыл болады. Мен күні бүгінге дейін бұрынғы ата-енемді “мама, папа” деп атаймын. Тіпті, “шымкентше” сәлем саламын. Бұл ол кісілерге деген құрметім. Оны ол кісілер де жоққа шығармайды. Себебі, мен ол кісілермен ұрысқан жоқпын, үйлеріне барған кезде орамалымды тағып, өзбекше киінген болатынмын.
Мұндайда тұрған ешнәрсе жоқ. Керісінше үлкен кісілердің батасын аласың. Алдайтын жерде алдай саламын, еркелейтін жерде еркелеймін. Бір құрбым “Еркелету арқылы Есілдің мұзын да ерітіп қоюға болады” деп айтушы еді. Еркелеп отырып күйеуіңе де, ата-енеңе де жағуға болады. Біз орыс та, тәжік те, кәріс те бола алмаймыз. Қазақтың өзінің қанына, жанына біткен, ата-бабадан келе жатқан салт-дәстүрді бойымызға сіңірген қазақпыз. Неге біз сондай үрдісті жоғалтуымыз керек? Мен қарсымын. Кей жастарды көрген кезде қарным ашады. Неге сәлем сала салмасқа? Неге орамал таға салмасқа? Неге ертерек тұрып шайыңды құя салмасқа? Оның барлығы ертең өзіңіздің алдыңыздан шығады. Міндетті түрде Алланың есебі түгел. Қазір сол кісілерге құрмет көрсете салсаңыз, ертең сіздің өміріңізде де барлық адам сізге осыны қайтарады.
Мысалы, ертең үйіме келін келіп, бетімнен алып, төсіме шауып отырса, мен не болмақпын?! Болмаса ойына келгенін істеп жүрсе?! Мұндайдан Құдай сақтасын. Оның үстіне ұлым – жалғызым, көзімнің ағы мен қарасы. Сол кезде жас болсам да, ата-енеммен өте жақсы болдым. Керісінше жолдасыммен дәм-тұзымыз жараспады. Ажырасу өзімнің шешімім болды. Оның да өзінің себептері бар. Қыз бала үйде міндетті түрде әкенің тәрбиесін көруі керек. Әкенің тәрбиесін көрмеген қызда ерімен көп түсініспеушілік болады. Осы жағынан келгенде менен де, жолдасымнан да қателіктер кетті. Одан кейінгі себепші – максимализм, жастық. Сондай қателіктер жасамауға тырысу керек деп ойлаймын”, – дейді әнші.
Жіберіп алмаңыз:
Үйленгенін жасырып келген танымал әнші әке атанды
KeshYou тобының құрамы тағы да өзгерді
Анджелина Джоли талғамсыз таңдалған көйлегімен жұртты шошытты (фото)
Гүлзира Айдарбекова үйінде келін шайдың қалай өтіп жатқанын көрсетіп мақтанды (видео)