Әйелін шәкіртіне бергенін айтқан қазақстандық "имамға" айыппұл салынды (видео)

Екінші әйелін шәкіртіне күйеуге бергенін айтқан имам Құрбанәлі Ахмет айыппұл арқалады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Имам Құрбанәлі журналист Жанар Байсемізге берген сұхбатында екінші әйелін қайын атасы “сыйлағанын” айтқан. Ол екінші әйел алар кезде бәйбішесінің келісімін сұрамағанын жеткізді.
Кейінірек оның екінші жұбайымен арада жанжал туындап, әйел ажырасуды сұраған. Осы кезде Ахмет оған өз шәкірттерінің кез келгенін таңдауды ұсынып, соған тұрмысқа беретінін айтқан. Нәтижесінде, ол өз жарын шәкіртіне сыйға берген.
Бұл сұхбат кейін қоғамда қызу талқыға түсіп, желі қолданушылары оны сынап тастады.
“Неге мүфтият мынадай насихаттарға тосқауыл қоймайды? Жастардың санасын улайтын кім-көрінген осылай эфирге шыға берсе ,не болмақ? Төсектен басқа тақырып қалмады ма қозғайтын? Сақалын сатқан қариядан, ақылын сатқан бала артық! Бірақ мына жерде қария көріп тұрған жоқпын! Бұрынғының қариялары қайтсем халқыма пайда келтірем, жастарға қандай үлгі болам деп қазағының қамын жеп кетіп ед. Мыналарың төрге шығып алып не көкіп отыр?”, “Үңіліп қарасаң іріген шіріген нәрсеғо жай! Бастысы өз салт-дәстүрімізді шатастырмай, дұрыстап ұстансақ болғаны”, “Исламда әйелдің келісімінсіз зорлықпен неке қию деген жоқ , бұл ислам дінінің адамы емес”, “Не сөйлеп отыр, алжыған ба? Осы да әңгіме ме, қандай тәрбие бар? Басы уланған, өзгелерді де улайды ғой”, – деп жазды желі қолданушылары.
Алматы қаласының билігі тексеріс жүргізіп, мұндай мәлімдемелер Қазақстан заңнамасына қайшы келетінін мәлімдеді.
“Тексеру барысында сұхбат кезінде Қазақстанның заң талаптарына қайшы келетін (мысалы, әйелін өз шәкіртіне беру) мәлімдемелер айтылғаны анықталды. Сонымен қатар бұл пікірлер қоғамдық санаға және конфессияаралық келісімге теріс әсер етуі мүмкін”, – делінген ресми хабарламада.
Нәтижесінде ер адам Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 490-бабы бойынша, діни қызмет саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін айыппұ арқалады. Сонымен қатар оның ресми діни өкіл еместігі анықталды.
Бұдан бөлек, заң бойынша әркім өз сөзіне өзі жауап береді. Алайда құқықбұзушылық белгілері бар материалдарды тарату да заң бұзушылық саналуы мүмкін. Осыған байланысты сұхбат авторы да әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстандық имам екінші әйелін шәкіртіне үйлендіргені туралы жазған едік.
Жаңа салық кодексі әлеуметтік кәсіпкерлерді жеңілдіктерден айырды – Тапсырыс жоқ, қарыз көбейді