Әйелін 10 жылдан аса ұрып-соғып келген қазақстандық дипломат 7 жылға сотталмақ
Әйелі Карина Мамашты азаптаған бұрынғы дипломат 7 жылға сотталуы мүмкін. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Жетінші арнаға сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Карина Мамаштың адвокаты Бибінұр Мұратованың айтуынша, күйеуінен 10 жылдан аса қорлық көрген екі баланың анасының ісі сотқа жіберілді.
“Тергеу толығымен аяқталды. Енді экс-дипломат Қылмыстық кодекстің 100-бабы (Азаптау) бабы бойынша сот алдында жауап береді”, – дейді адвокат.
Айта кетейік, бұл бап бойынша күдікті енді 4 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Еске салсақ, бұған дейін дипломаттың әйелі Карина Мамаш 5 мамырда Сәкен Мамаш үйіне қонаққа келген әпкесі мен оны ұрып-соққанын айтқан еді. Осыдан кейін сыртқы істер министрлігі Біріккен араб әмірліктері дипломатын тұрмыстық зорлық-зомбылық жасады деген айыппен Қазақстанға шақырып алды. 9 мамырда әйел Астанаға оралды. Қауіпсіздік үшін Карина балаларымен бірге дағдарыс орталығына орналасты.
Шенеуніктің әйелі күйеуінен 10 жылдан бері зәбір көріп келе жатқанын айтып, көмек сұраған еді.