Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Әйелім маскүнем қанғыбасқа айналды": Алматы облысының тұрғыны ішкілікке салынған әйелін құтқарғысы келеді

Үш ұл тәрбиелеп отырған Жалын Тұрсынбекұлы Боқаев - жалғызбасты әке. Құдай қосқан қосағы ішімдікке салынып, отбасын тастап кеткен. Ажырасқан соң әйелім қаңғыбастарға қосылып кетті деген әке оны тапқысы келеді. Stan.kz тілшісі Жалынмен тілдесіп, мұң-мұқтажын тыңдап қайтты. 

жалын

Әйелінің маскүнемге айналғанын өзі де дер кезінде байқамаған. Алғашында тек той-томалақтарда ішіп жүрген әйелі кейіннен күнде, еш себепсіз ішуді әдетке айналдырған. Бірақ үйленгенде мұндай қылығы жоқ еді дейді. Және әйелінің ішкілікке салынбай тұрғандағы өмірі де "Кел, татуласайық!" бағдарламасының кейіпкері жақсы болғанын айтады. 

"Жаркент қаласының тумасымын, үш баламды асырап отырған жалғызбасты әкемін. Ішімдікке салынған үш баламның анасына 2016 жылдан бері ие бола аламай қалдым", - дейді ауыр күрсініп.  

Әйелі Гүлзатпен осы Алматыда танысқан. Екі дипломы бар, оқыған сауатты адам еді дейді. 



"Әйелім екі дипломы бар оқыған, көз ашық адам. Қаладағы мектептердің бірінде қазақ тілі мен әдебиеттен сабақ берді. Кейін мұғалімдік қызметінен шығып қалып, жұмыс табылмаған соң аспаз боп істеді. Менімен танысқанда ішпейтін. Үйленгенше пәтер жалдап жылға жуық уақыт бірге болдық. Сосын ол менен жүкті болып, үйлендік. Барлық салт-жоралғыларды, тойды жасап үйлендік.

Тату тәтті өмір сүрдік. Үлкен ұлымыз дүниеге келді. Екеуміз де жұмыс істеп, өз нәпәқамызды тауып жүрдік. Ешкімнен кем болған жоқпыз. Ешқандай таршылық көрген жоқпыз. Одан кейін екінші, үшінші баламыз дүниеге келді. Үшіншімізге аяғы ауыр кезде сыраға жерік болды. Бәленің басы осы кезден басталды ау деп ойлаймын", - деген ол алғашында әйелінің ішіп жүргеніне аса мән бермеген. 

Жарының арам судың арбауына түскенін Жалынның кәрі анасы бірден байқаған екен. Өлерінің алдында ұлына ескертіп те кетіпті. 

"Ол кезде шешем марқұм ауылда тұратын. Қатты ауырған соң шешеміздің қолына барып тұрдық. 2011 қаңтар айында шешем қайтыс болды. Өлерінің алдында әйелімнің араққа жақын екенін байқаған екен. Келіншегім той-томалаққа барып дастархан әзірлейді. Үйге қайтарда сарқыт беріледі. Сол кезде үйге ішімдік әкеп, 100 грамнан ішіп жүрген екен. Оны байқаған анам: "Балам келіншегіңнің ішіп жүргенін тоқтатпасаң, ақыры қиын болады" деп ескерткені бар. Сол кезде ештеңе етпейді жұрттың әйелдері де тойларда ішіп тұрады, салынып жатқан жоқ қой деп ойладым", - дейді Жалын.

Жұбайының ащы суға әбден салынып кеткенін артынан  байқаған. Жалын жұмыста жүргенде күндіз ішіп, үйге қонбайтындай дәрежеге жеткен көрінеді. 

"Солай арам суға салынып кеткен екен. Күндер өтіп үйге қонбай бастады. Сол аралықта онымен сөйлестік, көп жанжал мен ұрыс-керіс болды. Не үшін ішетіні туралы тіс жарып ештеңе айтпайды, кешірім сұрап құтылады. Біраз уақыт сөйлеспей жүреміз. Ұмытылады. Бір айдан кейін қайта жоқ болып кетеді, үйге қонбайды. Бір күн, бір жеті, бір айлап келмейтін болды. 

Түнгі үш, төртте келіп тұрады, кіргізбесең тағы болмайды. Сыртта тұрып үсіп қалса не істеймін, бала-шағам жәутеңдеп тұрған соң кіргіземіз. Сорпа-суын беріп, бетін бері қаратқан соң енді қайталамаймын, кешір де кешір деп жалбарынады. Ары кетсе бір ай ғана сау жүреді одан кейін қайта ескі әуеніне басады", - дейді ол. 

Жалын бір жылы қыста өзінің қатты ауырғанын, ота жасату үшін Нұр-Сұлтанға кеткенін айтады. Балаларды жарына аманаттаған. Бірақ ...

"Бірақ сол кезде де балаларды үйге тастап, өзі арақ ішіп кеткен. Біреу ұрды ма, әлде құлады ма, әйтеуір, аяғын сындырып, біреулер көшеден тауып алып, қол арбамен үйге сүйреп келіпті. Ол жігіттер бет-жүзін көрсетпей әкеп тастап кеткен екен. Көршілер, туысқандар келіп көтеріп ішке кіргізген. Оның аяғы қатты сынғаны сонша теріс айналып кеткен. Есін білмейтіндей мас екен. Ауруханада жатқан мен қалған ем-домды үйден алам деп шықтым. Үйге келген соң әйелімнің туысқандарын шақыртып, өзі ауруханада жатқан, оны үйге кіргізбей өздеріңмен алып кетіңдер деп айттым. Бірақ туған-туысы жалынып, осы жолы да тағы да бір мүмкіндік бердім. 

Бірақ тағы да қойған жоқ. Әбден тәуелді болып қалған. Ішкен кезде тыныш жатпайды. Қолына түскен затты лақтырып, үйді қиратып тастайды. Одан кейін үйдегі бағалы заттарды дүкенге өткізіп жібереді", - деген Жалын әйелім көрсетпегенді көрсетті дейді.

Жұбайының туыстары да егер бірдеңеге арандап қалса, сен жауаптысың деп Жалынға қысым көрсеткенге ұқсайды. Тіпті, қырық күнге хабар-ошарсыз кеткен кезінде Жалын полицейлерге іздеуге арыз түсірген. 

"Полицейлер бірінші біздің үйді тексеріп, ертесіне аудандық полиция бөлімшесіне шақырды. Ең қызығы осы жерден басталды ...

Әйелімнің жеке мәліметтерін көрсеткен полицей Гүлзаттың басқа еркектен тағы үш баласы барын айтты. Маған тұрмысқа шықпай тұрып та үш баланы тастап кеткен екен. Мен бұрын тұрмыста болғанын, бір баласы барын білетінмін. Ол қайда деп сұрағанда бірінші күйеуімде болды деп айтатын. Үш баласын тастап кеткені үшін арақ ішкен екен", - деген Жалын әйелімен осы кездесуден кейін мүлде ажырасуға бел байлаған. 

Полицейлер тауып берген соң үйде бар-жоғы бір ғана күн болған. Енді бұл үйде тұрғысы келмейтінін, Алматыға кететінін айтқан. 

"Үйге келіп бір күн балалардың кірін жуып, шай-тамағын дайындап, ертесіне Алматыға кетіп, кайтып келмейтінін айтты. Балаларды менің қарауыма қалдыратыны туралы қолхат жазып кетті. Содан сотқа барып, заңды түрде ажырасып, балаларды өз атыма алдырдым. Содан бері қарай аналарын көрген жоқпыз. Жағдайынан бейхабармыз", - деген Жалын балаларының анасын тауып, дұрыс жолға салғысы келеді.

Халық алдына шығып, осы күнге дейін көрген қиындығын айтып, әйелін табуға ниетті.

"Аналарын тауып дұрыс жолға түсіріп, емдетіп, адам қатарына қоссам деймін. Қазір қайда жүр, не істеп жүр, мына өмірде бар ма, білмеймін. Қолды бір сілтеп кетіп қалуға да болмайды. Өйткені жаман да болса, балаларымның анасы. Ертеңгі күні балаларым маған кінә тағып, анамызды неге жөнге салмадың дегенін қаламаймын. Сол себепті Алматыға келіп інісі мен сіңлісін шақырып, болуы мүмкін деген жерлерді қарап тапқым келеді", - дейді ол. 

Жалын ажырасқан соң әйелін Алматыдағы вокзалдардың жанынан қаңғыбастардың арасынан көргенін айтады. Түрі адам кейпінен кетіп қалған әйеліне аз-маз ақша ұстатып, Алматыдағы туған-туысқандарына табыстаған көрінеді. 

"Арақ ішіп, бет аузы көгеріп, үсті-басы жұлым-жұлым кір болып жүрген жерінен таптым. Неге бұл күйге түстің десем, жолама, жақындама, жайыма қалдыр деп айқайлайды. Арақ алуға ақша бер деп жалынды. Қолына барымды ұсынып, туысқандарына апарғанмын", - дейді жалғызбасты әке. 

Жалын бағдарлама арқылы тапқан күннің өзінде әйеліне қайта қосылғысы келмейді, тек балаларының алдында ары таза болғанын қалайды. Әйелін түзу жолға салу азаматтық парызы деп біледі.

Жалынның бұл күйін теледидар арқылы көріп, танысуға ниет білдіріп жатқан мұңдас келіншектердің қарасы көпке ұқсайды.

"Балаларыма "бізге бір ана керек-ау" десем, олар да қарсы емес. Қандай жағдай болғанда да өзімнің жағдайымды түзеп алып қайта шаңырақ көтеремін. Келген адам жағдайың жоқ деп айтпас үшін бірінші үй-жайымды дұрыстағым келеді", - дейді Жалын. 

 

Талқылау