"Әйелі оған жаман қарайды": Трамп Макронды мазақ етті

АҚШ президенті Дональд Трамп Франция президенті Эммануэль Макрон туралы қатты әзіл айтып, француз көшбасшысының жұбайы оған жаман қарайды деп мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Guardian-ға сілтеме жасап хабарлайды.
Ұлыбританиялық басылымның мәліметінше, Ақ үйдің YouTube-арнасында Дональд Трамптың жеке түскі асының видеосы қысқа уақытқа жарияланған. Біраз уақыттан кейін жазба өшірілгенімен, журналистер оның көшірмесін жасап үлгерген.
Бейнежазба көпшілікке арналмаған болуы мүмкін.
Кадрларда Трамп тағы да НАТО ұйымын Ирандағы соғысты қолдамағаны үшін сынға алған. Сонымен қатар ол Франция президенті Эммануэль Макронды жұбайы Брижит Макрон итеріп жібергенін еске алып, 2025 жылғы оқиға үшін мазақ еткен.
АҚШ президенті түскі ас кезінде әріптестеріне Франция президентімен жақында болған телефон әңгімесі туралы айтып берген. Ол Макронның ағылшын тілінде сөйлегендегі акцентін келеке етіп, оның отбасылық өміріне де тиісіп өткен.
“Мен Францияға, әйелі оған өте жаман қарайтын Макронға қоңырау шаламын. Ол әлі күнге дейін жақ сүйегінің жарақатынан айығып жатыр”, – деген Трамп.
Француз саясаткерлері Трамптың бұл сөздерін қатаң сынға алып, мұндай мәлімдемелерді орынсыз деп атады.
Франция парламентінің төменгі палатасының төрайымы Яэль Браун-Пиве қазір бүкіл әлемнің болашағы талқыланып жатқанын атап өтті.
“Иранда болып жатқан оқиғалар миллиондаған адамның өміріне әсер етеді, адамдар майданда қаза тауып жатыр, ал бізде басқа елдерді мазақ ететін президент бар”, – деді ол.
Франция президентін “Непокорённая Франция” партиясындағы қарсыластары да қолдап, Трамптың сөздерін айыптады.
"Жала мен қиял": Макрон әйелін ер адам деп атаған блогерді сотқа берді
Франция президенті Оңтүстік Корея астанасы Сеул қаласына мемлекеттік сапары кезінде журналистердің сұрақтарына жауап берді. Одан Трамптың жеке өміріне қатысты айтқандары Францияға жасалған “шабуыл” ма деп сұралды.
Ал Макрон соғыс немесе мұнай бағасының өсуі секілді маңызды тақырыптарды талқылауға дайын екенін жеткізді.
“Сіз айтып отырған мәлімдемелер әдепті де емес, лайықты да емес. Сондықтан мен оларға жауап бермеймін – бұл жауап беруге тұрмайды”, – деді ол.
Айта кетейік, былтыр мамырда Франция президенті Макронды әйелі бетінен шапалақпен салып жіберген видеосы тараған еді.
Франция президенті Эммануэль Макрон мен жұбайы Брижит Макрон Вьетнамға ұшып келген сәттен түсірілген видео желіде қызу талқыланды. Кадрларда Брижит Макрон ұшақ ішінде күйеуін қолымен қағып қалғандай көрінеді.
Ұшақтан түсерде Макрон әйеліне қолын ұсынғанымен, ол қабылдамай, өз бетінше түседі. Видео тез тарап, БАҚ назарын аударды.
Алғашында Елисей сарайы бейненің шынайылығына күмән келтіргенімен, кейін Макронның айналасындағылар ерлі-зайыптылар арасында болмашы әзіл-оспақ болғанын айтты.
Макронның өзі де жағдайды растап, бұл тек қалжың екенін жеткізді. “Бұл жайттың жаһандық тақырыпқа айналғаны таңғалдырды, адамдар бос әңгімеге көп мән береді”, – деді ол.