Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Әйелі мен кішкентай балаларының көзінше: Ақтөбеде ер азамат тоқал болуға көнбеген бойжеткенді үйіне алып барып қорлаған

Ақтөбелік ер азамат таныс бойжеткенді ұрлап әкетіп, әйелі мен балаларының көзінше сабап тастаған. Бұған себеп - жәбірленушінің тоқал болуға көнбеуі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Астана арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Ақтөбе

Зәбір көрген бойжеткен бірнеше күн ауруханада жатқан. Ал кінәлі азамат айыппұлмен құтылыпты. Айтуынша, алғашында танысқан ер азаматтың кейіннен отбасылы екенін біліп қойған. Десек те ақтөбелік тұрғын жәбірленушімен байланысын үзуді көнбейді. 8 наурыз күні ол бойжеткенді құттықтауға келдім деген сылтаумен үйінен шығарып алады. 

"Үйден шыққанымды пайдаланып ұрлап әкетті. Өз үйіне алып барып ұзақ уақыт бойы қинады. Бұл әрекетін оның әйелі мен балаларының көзінше жасады. Мас екенін сездім. Өзінің не істеп, не қойып жатқанын білмеді", - дейді зардап шеккен бойжеткен. 

Сөзінше, ер азамат бойжеткеннің тоқал болмаймын деп айтқан соң ашуға булыққан. Басынан, кеудесінен теуіп жатқанын көре тұра қатыгез ер адамның әйелі не жедел жәрдем, не полиция шақыртпай, ата-енесіне хабар берген. Олар ұлдарын сабырға шақырып, бойжеткенді үйіне алып барып тастаған. Жәбірленуші өз кезегінде бірден полицияға хабар берген. 

"Айтылған оқиға бойынша сол күні сот сараптамасы тағайындалды. Жинақталған айғақтар сотқа жөнелтілді", - деді Ақтөбе облысы ПД-нің баспасөз хатшысы Ерболат Сарқұлов. 

Сот ер азаматқа 30 мың теңге айыппұл салуды ұйғарыпты. Бойжеткеннің бірнеше күн ауруханада жатып шыққаны да есепке алынбапты. Айтуынша,  оның басына зақым келіп, денесі көк ала қойдай көгерген. Сонымен қатар, ол сот шешімімен келіспейтінін де жеткізді. 

Құқық қорғаушылар жәбірленушінің сөзімен толықтай келісетіндерін айтады. 

"Кінәлі азамат жәбірленушіні ұрлап әкетіп, оны сабап тастаған. Алайда сот бұл факті бойынша отбасылық жанжал бабы бойынша іс жүргізген. Бұл дегеніміз кез келген азамат ойына келгенді істеп, қалаған адамды ұрлап жүре береді деген сөз ғой!" - дейді "НеМолчиKZ" қорының өкілдері. 

Қорлық көрдім деген бойжеткен апеляцияға жүгінетінін жеткізді. 


Ақтөбе қаласына арналған 2021 жылдың ораза кестесі

Талқылау