Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

Әйелі мен екі баланы өлтірген: Петропавлда алқабилер ақтап жіберген ер адамды сот өмір бойына соттады

Фото: Stan.kz

Петропавлда азаматтық некедегі әйелі мен оның бір жасар қызын және өзінің төрт жастағы інісін өлтіріп, өртеп жіберген адамға қатысты үкім шықты. Осыған дейін алқабилер ақтап шығарған Александр Канищев бұл жолы жазадан құтылмады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Оқиға 2023 жылдың қыркүйек айында болған. Петропавлдағы Береке ықшам ауданында орналасқан жеке үйлердің бірінде өрт шығып, жас келіншек пен екі баланың мәйіті табылды. Сол түні тек Александр Канищев қана аман қалған. Алайда араға біраз уақыт салып, отағасы қамауға алынады. Өйткені сараптама қорытындысы екі баланың өртке дейін мерт болғанын көрсеткен.

Сөйтіп оған азаматтық некедегі әйелі Алина Котяш пен оның бір жасар қызы Александраны, сондай-ақ өзінің төрт жастағы інісі Савелий Савицкийді өлтіріп, қылмысын жасыру үшін үйді өртеп жіберді деген айып тағылды. Бірақ мұнымен айыпталушы Александр Канищев келіспеді. Ол сот отырыстарында өзі де өрт құрбаны бола жаздағанын және отбасын құтқара алмағанын айтты.


"Үйде ешкім жоқ кезде тиіскен": Ақтөбе облысында жиенін жылдар бойы зорлап келген екі ағайынды өмір бойына сотталды


Атбасар колониясындағы азаптау ісі бойынша алқабилердің ақтау үкімі жойылды


Айта кетейік, осы оқиғаға дейін Александр Канищев үйінде анасымен жанжалдасып, шу шығарған. Оны тыныштандыра алмаған анасы полиция қызметкерлерін шақырған. Тағы Александр Канищев велосипед ұрлап, жатақханада тұратын көршісін ұрып, мұрнын сындырған. Бұдан бөлек Александр Канищев танысын тонап, 20 мың теңгесін ұрлап кетті деп айыпталып отыр.

Былтыр қыркүйек айында алқабилер соты Александр Канищевті ақтап, ол сот залында босатылған. Алайда мұндай шешіммен келіспеген прокурорлар апелляциялық шағым түсіріп, оны қараған облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы істі қайта қарауға жіберді. СҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында алқабилер Александр Канищевке үкім шығарды.

"Александр Канищев Қылмыстық кодекстің 191-бабының 1-бөлігі “Тонау”, Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігінің 1, 3, 5-тармақтары “Екі не одан да көп адамды өлтіру, кінәлі адамға дәрменсiз күйде екенi көрінеу белгiлi адамды, айрықша қатыгездікпен өлтіру” және 99-бабының 3-бөлімі “Баланы өлтіру” бойынша кінәлі деп танылып, өмір бойына бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалсын. Ол сот залында қамауға алынып, жазасын қауіпсіздігі төтенше жағдайдағы қылмыстық атқару жүйесінде өтейді. Сондай-ақ мәжбүрлі түрде алкоголизмнен емделсін", – деді СҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Ерлан Нұршәріпов.

Александр Канищев үкім оқылған соң өзінің мұндай шешіммен келіспейтінін айтты. Ол ешкімді өлтірмегенін жеткізді. Баласының өмір бойына бас бостандығынан айырылғанын анасы да ауыр қабылдады. Ол есінен талып, жақындары жедел жәрдем қызметін шақырды.

Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ. 15 күн ішінде шағым түсіруге болады.

Еске салсақ, Петропавлда алқабилер соты үш кісіні өлтірді деп айыпталған ер адамды ақтап алғаны жазылды.

Қырмызы Скендирова
Сейсенбі, 13 Мамыр, 2025 08:13
Талқылау