Әйел баласын құтқару үшін қабыланның артынан 1 шақырым қуып барған
Үндістанның Бариджхариа ауылының тұрғыны қабыланның артынан 1 шақырым бойы қуалап, 8 жасар ұлын құтқару үшін жыртқышпен күрескен, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Jagran басылымына сілтеме жасап.
Оқиға жексенбі күні кешкі сағат 7 шамасында болған. Киран Баига үш баласымен бірге үйінің жанында отырып, от жағады. Кенеттен оларға леопард шабуыл жасайды. Жануар сегіз жасар Раульді ұстап алып, оны орманға сүйреген. Әйел жанталаса жыртқыштың артынан қуа жүгіреді.
Бір шақырымдай жүгіргеннен кейін леопард тоқтаған Осы сәтте әйел батылдық танытып, жалаңаш қолдарымен жыртқыштың тырнағынан баласын жұлып алады. Киран баласын құшақтай сала, дереу қашады. Бірақ олжасын оңайлықпен бергісі келмеген жануар оларға қайта шабуыл жасайды. Бұдан соң әйел жыртқышты аяғынан ұстап алып, қатты итеріп жібереді.
Осы кезде ауыл тұрғындары көмекке келіп үлгерген. Көп адамдарды көрген леопард қашып, ізін суытады.
Алайда Киран сол маңда есінен танып құлап, бірден ауылдың жақын ауруханасына жеткізілген. Әйел мен оның ұлының жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланды.
"Біз жолбарыс қорығының буферлі аймағында тұрамыз. Мұндай жағдайлар күн сайын болып тұрады. Бұл жерде леопардтар мен аюлар жиі кездеседі. Оларды көрген кезде қашуға тура келеді. Бізбен болған оқиғадан кейін жабайы аңдарға деген қорқыныш күшейе түсті", − дейді Баига.
Белгілі болғандай, бұл оқиға ауылда алғаш рет болмаған.