"Әйелге қысым жасау тұтқасына айналады": Сарапшы несиені жұбайының келісімімен ғана беру туралы заңға қарсы шықты
Қазақстанда жеке кәсіпкерлер енді шағын несиеге өтініш бергенде жұбайының келісімін сұрауы мүмкін. Мұндай өзгерістер банктік және микроқаржы қызметі туралы заңдарға енгізіледі деп жоспарланып жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Шағын несиені жұбайының рұқсатымен алу туралы қаулы жобасы қаржы нарығын дамыту және реттеу агенттігінде қоғамдық талқылауға шығарылды. Несие сомасы 2 мың 700 АЕК, шамамен 10 миллион теңгеден асса келісім қажет. Қаржыгер Талғат Игіліковтың айтуынша, бұл шара қарызды саналы түрде алуға көмектеседі.
“Жұбайы кәсіпке араласпаса да, тәуекелдерді байсалды түрде бағалай алады. Менің ойымша, кез келген несиелер бойынша шешім қабылдауда нық ойлану өте маңызды”, – деді қаржыгер Талғат Игіліков.
Қоғам белсендісі Гүлнәр Омарованың айтуынша, неке – теңқұқықты адамдардың одағы, мұндай шара ерлі-зайыптылардың бірін тәуелді етеді. Яғни қаржылық тәуелсіздік жоғалады. Сонымен қатар, мұндай шара әйелге қысым жасау тұтқасына айналуы мүмкін дейді.
“Бір әйел қандай да бір шағын кәсіппен айналысқысы келсе, өз мүмкіндігін өзі бағалауға құқығы бар, бұл онсыз да ауызша талқыланады, ал кейбір жағдайларда тіпті қысым болуы мүмкін”, – деді әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Гүлнар Омарова.
Ерлі-зайыптылардың келісімінен басқа, банктер қарыз жүктемесіне, ақша қаражатын алу мақсатына, банк шоттары бойынша операцияларға талдау жүргізеді. Сонымен қатар қаржы нарығын дамыту және реттеу агенттігі шағын несиені онлайн режимде алу кезінде электронды цифрлық қолтаңбаға қойылатын талаптарды алып тастауды ұсынып отыр. Себебі ол арқылы шағын несиеге қол жеткізуді жеңілдетіледі дейді. Бірақ банктерден бизнес пен халық үшін комиссиялардың, мөлшерлемелердің және тарифтердің толық тізімін жариялау талап етіледі.