Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Әйелдер мерекесі қарсаңында гүл шоқтары 300 мың теңгеге дейін сатылып жатыр

Елімізде гүл саудасы қызып тұр. 8-ші наурыз – әйелдер мерекесіне орай оның бағасы да бірден шарықтап шыға келген. Әсіресе, раушан, қызғалдақтарға деген сұраныс көп,-деп жазды КТК арнасы.

гулдееееррр

Сондықтан баға бірден 20 пайызға өсіпті. Тіпті дүкен сөрелерінен құны 300 мың теңгеден асып жығылатын гүл шоқтарын да кездестіруге болады. Осылайша кәсіпкерлер көл-көсір пайданы көздесе, кейбір қыз-жігіттер тегін гүл таратып, жұрттың көңілін көтеруде.

Алматының көптеген көшелері қазір гүл базарына айналған. Жұпар иісі аңқыған қызылды-жасылды өсімдіктер көздің жауын алардай жайқалып тұр. Алайда бағасы бұрынғымен салыстырғанда едәуір қымбат.

Мәселен, кеше ғана 500 теңгеден сатылып жатқан бір тал раушан қазір үш есеге қымбат. Тек көктемде гүлдейтін қызғалдақтардың да құны аспандап тұр. Соған қарамастан тұрғындар жаппай гүл сататын жерлерді жағалап жүр.

Гүл сататын мына дүкенде тіпті қарбалас. Мұндағы қызметкерлер кешелі бері күндіз-түні жұмыс істеуге мәжбүр. Өйткені гүл шоқтарына деген тапсырыс күрт көбейген. Тиісінше бағасы да әртүрлі. Мәселен, бұл жерде оң арзаны 5 мың теңге. Ал қымбаты 300 мың теңгеден асып жығылады.

«Мереке қарсаңында тапсырыс көп. Өйткені біз гүлді тек Голландиядан әкелеміз. Қазірдің өзінде мыңнан астам адамнан тапсырыс түсіп отыр. Биыл біз 15 мың өсімдік әкелдік. Барлығы мереке күндері сатылып кетеді»,-дейді сатушы Малика Холодова

Аймақтарда да гүл бағасы шарықтап тұр. Мәселен Петропавлда әдеттегідей раушан мен қызғалдаққа емес, мимозаға деген сұраныс көп екен. Ағаш бұтағы секілді бұл өсімдік Абхазиядан әкелінеді.

Сондықтан бір сабағы 2 мың теңгеге дейін барады. Соған қарамастан сұранысқа ие сыйлықты саудагерлер азық-түлікпен бір сөреге қойып, сатып жатыр.

«Мимозаның шыбығын суға салмаса да болады. Бір жылға дейін бөлмеге ерекше иіс беріп тұрады»,-дейді сатушы Людмила Конопелько

 

Оңтүстік жұрты өзгелер секілді Голландиядан тасымай, 8-ші наурызға өздері өсірген гүлдерін сатып жатыр. 7 гектар жылыжайға гүл егетін күнгейлік дихандар бұл жолы раушанның бірнеше түрін әйелдер мейрамына арнайы өсіріпті.

«Бұны біз шығарамыз әртүрлі болады. Үлкені 250 теңгеден, кішісі 100 теңгеден. Оптовик балдар әкетіп, Шымкентке, Астанаға, Көкшетауда өзіміздің Қазақстанда шығарып сатады»,-дейді дихан Зәкір Өмірзақов

Ал Ақтөбеліктер гүлге көк тиын шығындамаса да болады. Өйткені өңірдің жастары бірігіп, мерекеге орай ерекше шара ұйымдастырыпты. Яғни олар жол бойында кезіккен қыз-келіншектерге тегін гүл таратып, мерекемен құттықтады.

Жастар жұрттың көңілін көтеру үшін біраз шығындалғаны анық. Өйткені қалада қазір қызғалдақтың бір түбі 350-400 теңгеден сатылуда.

Оқи отырыңыз:

АҚШ консулы Алматыда көшеде жүрген аруларға гүл сыйлады (видео)

Білім министрлігі ұстаздарға гүл сыйлауға тыйым салды ма

Әйелдер өзіне қандай гүл сыйлағанды қалайды

 

Талқылау