Әйел шала піскен ет пен жуылмаған жеміс-жидектердің салдарынан менингитке шалдыққан
Фото: Unsplash
Ресейлік әйел шикі ет пен жуылмаған жеміс-жидектерді жегеннен кейін ауыр дертке шалдықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агентігі "Shot Проверка"-ға сілтеме жасап хабарлайды. Дәрігерлер оның листериоз жұқтырғанын анықтаған. Бұл бактериялар адам ағзасында қауіпті ауруларды тудыруы мүмкін.
Әйелдің айтуынша, алғашқы белгілері қатты әлсіздік, бас ауруы мен бас айналудан басталған. Бастапқыда ол өзін жайсыз сезінуді қан қысымының немесе қант мөлшерінің төмендеуімен, не мигреньмен байланыстырып жүрген. Кейіннен оған жарыққа сезімталдық, құсу, көру фокусын жоғалту, жүру қиындығы, оттегі жетіспеушілігі және дене қызуының 39,5 градусқа дейін көтерілуі қосылған.
Жедел жәрдем шақырылып, әйел ауруханаға жатқызылды. Кейін оған менингит диагнозы қойылды.
Ауруды қоздырған бактериялар ағзаға шикі еттен немесе жуылмаған көкөніс-жемістерден түсуі мүмкін деген болжам бар. Әйелдің өзі үнемі шала піскен стейк жейтінін және кейде жемістерді жумайтынын мойындаған.
Айта кетейік, бұған дейін гепатолог Нурия Дианова бауыр ауруларында тыйым салынатын тағамдарды атаған болатын. Дәрігердің айтуынша, гепатит пен бауыр циррозы бар адамдар ең алдымен алкогольден бас тартуы тиіс.