Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Әйел клиникалық өлімді бастан кешіріп, таңғажайып дүниелерді көргенін айтты

Фото: @bri_0nic

АҚШ-тың Техас штатында тұратын 25 жастағы Брианна Лафферти клиникалық өлім жағдайына тап болып, жанның өлгеннен кейін де өмір сүретініне көзі жеткенін айтады. Ол өзінің ерекше тәжірибесі туралы Daily Mail басылымына баяндап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Брианна сирек кездесетін генетикалық ауру – миоклоникалық дистониямен дүниеге келген. Бұл жүйке жүйесінің бұзылуы, спазма, ұстама және ұйқы проблемаларын тудырады. 2017 жылы тұмаумен ауырып, ұзақ уақыт бойы ұйықтай алмаған әйелдің жағдайы күрт нашарлап, ауруханаға жеткізіледі. Дәрігерлердің айтуынша, сол жерде оның жүрегі сегіз минутқа тоқтап қалған. Алайда Брианна сол бір сәтті өміріндегі ең маңызды рухани тәжірибе деп есептейді.

"Мен үшін өлім — шындық емес. Адамның өмірі жер бетіндегі сәттермен ғана шектелмейді", — дейді ол. Әйелдің айтуынша, ол өзін алдымен қараңғылықтың ортасында жүргендей сезінген. Кейін жарыққа толы, цифрларға ұқсас белгілермен көмкерілген туннель арқылы ұшып өткен. Сол сәтте ешқандай ауырсыну болмаған — тек терең тыныштық пен айқындықты ғана сезініпті.

Жарық туннель оны қабырғаларына сандар жазылған, есігі жоқ аппақ бөлмеге жеткізеді. Сол жерден ол бірінен соң бірі ауысқан түрлі бейнелер мен көріністерге тап болған. Бір көріністе оған бейтаныс, бірақ біртүрлі таныс сезілетін тіршілік иелері қарлы орманда ағаштармен сырғанап жүрген. Қарды ұнатпайтынын ойлаған сәтте, ол көрініс көктемгі табиғатқа айналып шыға келген.

Бір сәтте ол ұшуды үйреніп, аспанда еркін қалықтай бастаған. Алайда байқамай темір бағанаға соғылып, қолын жоғалтады. Бірақ бұл жағдай оған қорқынышты болып көрінбеген. Ол өз көз алдына қайта өскен қолын қызығушылықпен бақылап тұрғанын айтады.

Сапарының соңында оның жолын тікенекті қоршау бөгейді. Қоршаудың ар жағында тау, ферма мен үй көрінеді. Бейтаныс тіршілік иелері ол жаққа өтіп кетсе де, Брианна өте алмаған. Соңғы аялдама “жұмбақ бөлме” болған. Онда жеті құдіретті жаратылыс оған шиыршыққа оралған бір нәрсе ұсынады. Алайда ол шиыршықты аша алмай қалады, бірақ дәл сол сәтте ол есін жиып, аурухана төсегінде оянған. 

Осы оқиғадан кейін Брианнаның өмірге деген көзқарасы мүлде өзгерген. Ол енді өлімнен қорықпайды және адамның рухани болмысы физикалық тәннен әлдеқайда асып түсетініне сенеді.

Ол бұл сапар бірнеше айға созылғандай әсерде болған. Алайда санаулы минуттардан кейін есін жиып, қайта өмірге келгенде, бәрі өзгеріп кеткендей көрінген. Клиникалық өлімнен кейін Брианна Лафферти өзінің болмысын жаңаша танып, өмірінің бағытын түбегейлі өзгертеді. Ол рухани гид ретінде жұмыс істеп, басқа адамдарға созылмалы аурулармен күресуге және рухани трансформациядан өтуге көмектесіп жүр.

Айнұр Мұхади
Жексенбі, 25 Мамыр, 2025 14:19
Талқылау