Әйел ЭКО дәрігерлерінің қателігінен бөтен біреудің баласын дүниеге әкелген
АҚШ-тың тұрғыны ЭКО дәрігерлерінің қателігінен бөтен біреудің баласын дүниеге әкелген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі ВВС басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: pixabay.com
АҚШ тұрғыны репродуктивті медицина клиникасына қарсы шағым түсіріп, экстракорпоральды ұрықтандыру (ЭКО) процедурасынан кейін өз баласының орнына бөтен баланы босанғанын мәлімдеді.
Кристена Мюррей екі жыл бұрын ЭКО арқылы жүкті болған. Алайда дәрігерлердің қателігі туралы тек босанғаннан кейін ғана білген.
Әйел 2023 жылдың желтоқсанында ұл баланы дүниеге әкеліп, бірден оның өзінің биологиялық ұлы емес екенін түсінген. Өйткені баланың терісі қара түсті, ал Мюррейдің өзі мен сперма донорының терісі ақ түсті болған. Әйел ДНҚ тестін өткізіп, баланың өзінің биологиялық ұлы емес екенін анықтады. Кейінірек дәрігерлердің қателікпен басқа пациенттің эмбрионын оның жатырында ұрықтандырғаны белгілі болды.
Мюррей баланы өз тәрбиесінде қалдырып, өзі өсіруге шешім қабылдапты.
Алайда әйел қателік туралы клиникаға хабарлағаннан кейін, қызметкерлер баланың биологиялық ата-аналарын тауып, оларға болған жағдайды жеткізген. Мюррейдің айтуынша, биологиялық ата-аналар ұлдарын талап етіп, ақырында ол бес айлық кезінде баланы ата-анасына беруге мәжбүр болыпты.
18 ақпанда Джорджия штатының тұрғыны Мюррей Coastal Fertility Specialists клиникасын сотқа берді.
"Мен өмір бойы ана болуды армандадым. Мен осы баланы сүйдім, оны көтеріп, дүниеге әкелдім, әрі ол менде қалуы үшін бәріне дайын болдым. Мен ЭКО тәуекелдерін білгенмін – қан кету, инфекция, бедеулік, тіпті өлім. Бірақ мен ешқашан басқа баланы туып, кейін оны менің қолымнан тартып алатынымды елестетіп көрмегенмін", – дейді анышған әйел.
Клиника қателігін мойындап, ресми мәлімдеме жасап, болған жағдайды "бірегей оқиға" деп атады.
"Бұл бір ғана жағдай болды, басқа пациенттер зардап шеккен жоқ. Біз болашақта осындай қателіктердің алдын алу үшін қосымша шаралар қабылдадық", – делінген клиниканың мәлімдемесінде.
Эмбриондардың қалай ауысып кеткені әзірге белгісіз.
Енді Мюррей ауруханадан қаржылай өтемақы талап етуде, оның сомасы нақты көрсетілмеген.
Мюррейдің адвокаты Адам Вульфтың айтуынша, оның клиенті әлі күнге дейін өзінің нағыз эмбриондарына не болғанын және олардың бар-жоғында білмейді екен.