Айдын Рақымбаевтың құрылыс компаниясы Bank RBK-дан 10 миллиард теңге қарыз алады
Фото: Айдын Рақымбаевтың желідегі парақшасынан
Bank RBK BI Group холдингінің еншілес компаниясы BI Development үшін 10 миллиард теңге көлемінде несиелік желі ашады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қазақстан қор биржасының (KASE) сайтында қаржыландыру мерзімі – 36 айдан аспайды деп айтылған. Несие шарттарының басқа да мәліметтері, соның ішінде сыйақы мөлшерлемесі көрсетілмеген.
BI Development компаниясы Қазақстанда және шетелде жылжымайтын мүлік салу және сату саласымен айналысады. Компанияның соңғы иесі – миллиардер Айдын Рақымбаев, ол Forbes журналының нұсқасы бойынша Қазақстанның ең бай кәсіпкерлері тізімінде 10-орында, оның байлығы 967 миллион доллар (525,1 миллиард тенге) деп бағаланған.
Хабарламада BI Development компаниясы келісім талаптарын бұзған жағдайда, Bank RBK бүкіл қарызды мерзімінен бұрын өндіріп алуға, сондай-ақ компанияның осы және басқа банктердегі шоттарынан қаражатты есептен шығаруға құқылы екені жазылған.
2024 жылы BI Development 32,3 мың пәтер сатқан, бұл өткен жылмен салыстырғанда 42%-ға көп. Компанияның таза табысы 78 миллиард теңге болған.
Қазақстан халықаралық банктен 46,7 млрд теңге қарыз алады: Сенат келісімді ратификациялады
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанның сыртқы қарызы 32 триллион теңгеге жуықтағанын жазған едік. Депутаттар бұл жағдайға алаңдаулы. Жоғары аудиторлық палатаның дерегінше, ел ішіндегі тиімсіз жұмсалған қаржы көлемі де айтарлықтай көбейген. 2023 жылы 250 миллиард теңге тиімсіз игерілсе, 2024 жылы бұл көрсеткіш 475 миллиард теңгеге дейін өсіпті. Яғни небәрі бір жыл ішінде екі есе артқан. Бірақ қаржыға жауапты министрлік "алаңдауға негіз жоқ" деген пікірде.