Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қарағанды облысында жоғалып кеткен 13 жасар бала аман қалу үшін шалшық су ішіп, айдалада түнеген

жоғалған бала табылды

Видеодан скриншот

Қарағанды облысында жоғалып кеткен 13 жасар жасөспірім аман-есен табылды. Ол кешке Қарабас ауылынан шығып, Абай қаласына бет алған кезде адасып кеткен. Оқушы далада түнеп, шалшық су ішіп күнелткен. Оны тұрғындардан бастап, еріктілер мен құтқару қызметі жабылып іздеп, таңсәріде тапты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

13 жасар Бейбарыс сабақтан соң достарымен ойнауға шығып, Қарабас ауылына барады. Кешкілік анасы хабарласқан соң, жасөспірімдер Абай қаласына қайтпақ болған. Неге екені белгісіз, ол автобуспен емес, жаяу қайтамын деп шешкен. Күн ұясына батқан кезде анасына адасып кеткені туралы хабарлама жазып, үсіп-тоңып, шөлдегенін айтқан.

Бұл хабарламаны тыңдаған анасының үрейі ұшып, жан-жақтан көмек сұрайды. Түні бойы жасөспірімді іздеуге еріктілер де, тәртіп сақшылары мен құтқарушылар Абай мен Қарабас ауылының екі ортасын аралайды. Осылайша оны Абай қаласынан 15 шақырым жердегі далада мотоциклмен кетіп бара жатқан Дубовка ауылының тұрғыны көріп қалады. Тәртіп сақшыларына сол хабар беріпті. 


Әнші Гүлнар Сиқымбаеваның жалғыз ұлы жоғалып кетті


“Қорыққан, ұйықтап тұрып, тоңған ғой. Футболкасын жамылып жатқан. Су ішпегеннен ерні кеуіп қалған. Баламның табылғанына ризамын. Аман-есен, тірі, денсаулығы жақсы”, – деді анасы Айжан Нақышева.

Тәртіп сақшылары баланы көзден таса қылмай, жасөспірімдерді үнемі бақылап отыру керек екенін ескертті.

Еске салсақ, Қостанайда жоғалып кеткен жасөспірімнің денесі табылған еді. Владимир Орелдің денесін Гагарин бөгетінің жанындағы қамыс алқабынан шықты. Оның мәйітінен ешқандай қылмыс белгілері анықталмады.

Қырмызы Скендирова
Жұма, 03 Сәуір, 2026 08:35