Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ол мені қинады". Аиша Бүркітке неліктен тұрмысқа шыққысы келмегенін айтты

Аиша Айнұр Ілиясоваға берген сұхбатында тұрмысқа шығу туралы ой болмағанын, соңғы сәтте бұл ойын неге өзгерткені жайлы айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

©instagram.com/aisha_vee

Аишаның айтуынша, Бүркіттің бетін қайтаруына екеуара жас айырмашылығы да себеп болған.

“Екеуіміз шаңырақ көтергенімізде Айбек 36 жаста еді. Менің оған тұрмысқа шыққым келмеді. Мен оның өзіне де айтқам. Айбек маған үйленем деп шешім қабылдап қойған екен. Ол мені жібермей қинады. Мен де қиналдым. Бір шешімге келу үшін дұға еттім. Алла мені бағыттап, Айбекке жіберді”, – дейді Аиша.

Бүркіт пен Аиша ата-аналарына айтпай некесін қидырған. 

“Біз тез үйленеміз деп шешім қабылдап, ешкіге айтпай некемізді қидық. Ата-аналарымызға кейін айттық. Олардың келіспеске амалы қалмады. Мен не істесем де бәрін анаммен ақылдасатынмын. Өмірімдегі ең маңызды шешімді анама айтпай, өзім қабылдадым”, – деді әнші.

Аиша келін болып түскен кезін де еске алды.

“Айбек маған ата-анасының заманауи адамдар екенін айтты. Бірақ мен ол сөзімен келіспес едім. Ата-енем өте жақсы адамдар. Алғаш келін болып түскенде қиындықтар болды. Басқа адамдар, салт-дәстүрлер мен үшін таңсық болды. Бірақ мен Айбекке жақсы тәрбие берген ата-анасына алғысымды айтамын, құрметтеймін”, – дейді Аиша.

Әнші отбасылық өмірдің басында Бүркіттің көп нәрсеге тыйым салғанын, өзін бақылауда ұстауға тырысқанын айтты. Ондай кезде ерлі-зайыптыларға жиі сөйлесу керек деп кеңес берді. 

Бүгінде үш баланың анасы балаларды әкесіне сеніп тапсыратынын айтты. 

“Мен мазасыз аналардың қатарынан емеспін. Айбек балаларға менен жақсы қарайды. Ол балаларды өзімен бірге алып кеткенде мен демаламын. Әсіресе ұлдарымның әкесімен көп уақыт өткізгенін қалаймын. Бала тәрбиесінің өте маңызды екенін ескере отыра әрі уақыттың тығыздығына байланысты әзірге төртінші баланы жоспарлап отырған жоқпыз. Қызымнан кейін енді ғана өз-өзіме келіп жатырмын. Айбек те мені қыстамайды”, – деді Аиша.

Талқылау