Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Аяна Ғабдуллина: Ауылға барып, сиыр сауып, шай құюға дайынмын

Радиожүргізуші Аяна Ғабдуллина тұрмыс құру туралы ой қозғады. Ол қазіргі заманда жас жігіттердің "қыздарға шыққысы" келетінін мәлімдеді. Ал "тұрмысқа қашан шығасың?" деп мазасын алып, аяушылықпен қарайтындарға өз жауабын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 7-арнаның "Сантарам" бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Аяна Ғабдуллинаның айтуынша, әйел адамнан салмағын, жасын және қашан күйеуге шығатынын сұрауға болмайды. 

"Үшінші сұрақ ол – Құдайдың шаруасы. Ал қыздың жасы 18-де, салмағы әрдайым 50", – дейді ол. Радиожүргізушінің өзі де бұл сауалдан шаршаған. Десе де, әлі де ақ келін атанбауының бір себебін былай деп түсіндірді: 

"Өз-өзін қалыптастырып, өмірден өз орнын тапқан, ешкімге тәуелді емес біз сияқты қыз-келіншектерден ер азаматтар расымен қорқады. Өйткені біз материалдық жағынан дамығанбыз. "Әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ". Өзімізге би, өзіміз қожа болғаннан кейін, біздің аузымызға қақпақ болатын ер азаматтар аздау", – деді ол.

Аяна болашақ жұбайына қандай талаптар қоятынын айтты. 

"Ер азаматқа іс те керек, мінез де керек. Қабағымен ғана менің үнімді шығармайтындай азамат болса, жақсы болар еді. Салмақты, жұмысбасты, еңбекқор, дос секілді сырласа алатын, қыдырсақ бірге қыдыратын.

Мен тапқан ер азамат би, президент болады, бұйырса", – деп күлді өзі.
Сондай-ақ радиожүргізуші тұрмысқа шықпағанына бола өзіне аяушылықпен қарайтын адамдарға жауап берді. 

"Көбісі бақытты байдан табады деп ойлап, кейбір әйелдер немесе еркектер мені аяйды. "Әлі-ақ байыңды табасың, бақытты болып кетесің, бәрі жақсы болады" дейді. Білмеймін, байдан бақыт көріп жатқан әйелдерді көрген жоқпыз", – дейді ол.



Аяна әр адам, бірінші кезекте өзін тұлға ретінде қалыптастыруы керек деп санайды. Өйткені жалғыз қалған жағдайда да, өмірде айналысатын ісің болуы керек дегенді алға тартты ол. Әйткенмен Ғабдуллина арманындағы азаматын кездестірсе, орамал тағып, сәлем салуға дайын екенін жеткізді. 

"Сыртқы келбет алдамшы дейді ғой. Менің ішімдегі нәзіктігім тек бір азаматқа арналады. Ішімдегі әйел азаматы, басқа Аяна менің ер азаматыма арналады. Бұйырғаны болса, ауылға барып, сиыр сауып, шай құюға дайынмын. Жақсы көрсең, әрине. Махаббат үшін басыңды тасқа да ұрасың. Бірақ бір айтарым, жасым 33-ке келіп, өмірден өз орнын таппаған азаматқа мен шыға алмайды екенмін. Егер мен 20 жаста болсам, бір жөн. Екеуміз жетістікке бірге жетеміз дейтін едім", – дейді ол. 

Талқылау