Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Рүстем Жаныаманов: Дариға Бадықованың күйеуі болып ойнайтынымды білгенде қатты жүрексіндім

"Келінжан" телехикаясында Қылышбектің рөлін сомдаған Рүстем Жаныаманов картинадағы жұбы Дариға Бадықова екенін білгенде қатты қорыққанын айтады. Ол өзінен біршама жас үлкен актрисаға алғашқыда тіпті "сен" деп сөйлеуге бата алмаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі НТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Айтуынша, Дариға Бадықова екеуі бір өнер ордасында білім алған. Алайда Бадықова одан бірнеше жыл бұрын бітірген. 

"Кішкене жүрексіну болды. Өйткені ол кісі менің "старшагым". Ұстазымыз бір кісі, марқұм Болат Атабаевтан дәріс алдық. Ол кісі (Бадықова) біздің алдымызда оқып кеткен, кейін біз түстік. Бірақ "Ақсарай" театрына барып, қосымша бірге жұмыс істедік. Кейін сол кісінің күйеуі болып ойнайсың дегенде қатты жүрексіндім. 

Ол кісі барған кезде: "Екеуміз ойнайды екенбіз. Сен менің күйеуім боласың. Рөліңе ойланып келген шығарсың", – деді. Басында "сіз" деп сөйлейтінмін. "Сен деп сөйле, екеуміз образға кірейік", – деді. Оған тілім бармайды. Жасының үлкендігі бар. Сосын үйреніп кеттім", – дейді актер.

Жаныаманов телехикаяның екінші маусымында жұбына үйренгенін айтады. Ал көрерменнің көзайымына айналған "Келінжанның" төртінші маусымы жақында түсіріледі. Осы ретте Жаныаманов Бадықованы кәсіби актриса ретінде мойындайтынын айтты. 



"Кәсіби тұрғыдан ол кісі "высший пилотаж". Ол кісінің айтқанын мен кейде тыңдаймын. "Былай ойнама" дейді. Ойнамауға тырысамын", – дейді Рүстем.

Тағы бір атап өтерлік жайт, жуырда продюсер Гүлнұр Мамасарипованың бастамасымен, "Келінжан" толықметрлі фильмі түсірілді. Кинокартина алдағы күзде немесе қыста көрерменге жол тартады деп күтілуде. 
"Қызық болатын сияқты. Өйткені көрерменнің көзайымына айналған хикая. Оны кішкентай баладан бастап еңкейген қартқа дейін көреді екен. Кинотеатрға арнап "Келінжан" атты фильм түсірілді. Сол кейіпкерлер. Өте қызық болады. Сценарийі өте күлкілі жазылған. Қолымыздан келгенше ойнап шықтық", – деп бөлісті актер. 

Одан бөлек, Жаныаманов "Келін особого назначения" атты картинада актриса Дина Тасболатовамен бірге басты рөлді сомдады. Фильм 19 мамырдан бастап көпшіліктің назарына ұсынылады.

 
 

Талқылау