Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Аяқ-қолы сау ер адамдар жұмыс, ақша сұрайды": Еркебұлан Тоқтар қазіргі жігіттерге ренішін жеткізді

Еркебұлан Тоқтар ер адамдарға ренішін жеткіздіФото: Видеодан скриншот

Танымал актер әрі поп-ММА өкілі Еркебұлан Тоқтар қазіргі ер жігіттерге көңілі толмайтынын жеткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Актер әлеуметтік желідегі парақшасында видео жариялады. Кадрлардан өнер иесінің жас жігітпен әңгімелесіп тұрғанын көруге болады. Әңгіме барысында Еркебұлан “Даяшы болып істей аласың ба?” деп сұрайды, ал жігіт “Жоқ, даяшы емес, залда істегім келеді” деп жауап береді. Поп-ММА өкіліне бұл жауап жақпай қалған секілді.

“Заман өзгерді ме, адам өзгерді ме, білмеймін. Күн сайын кемінде 3-4 адам мені жаттығатын жерімде күтіп тұрады. Келеді де, жұмыс сұрайды, ақша сұрайды. Ең қызығы, аяқ-қолы сау ер адамдар келеді. Олар оңай жол іздеп, менен сұрайды. Мен бір жерді тіреп тұрған, істейтінімдің бәрін істеп, 60-70 жастағы ақшаның үстінде отырған адам сияқты, маған келеді”, – дейді ол.

Еркебұлан Тоқтар жігітпен болған оқиғаны баяндап берді. Айтуынша, жігіт даяшының жұмысын менсінбеген көрінеді. Актер аяқ-қолы сау ер адамның жұмыс таңдап, алдына өтініш жасап келіп тұрғанына ашуланды.

“Жаңа да бір жігіт келді, оған менде жұмыс жоқ деп айттым. Жанымда Әлішер мен Орынтай деген екі інім ғана жүреді, оларға ақша беретінімді көріп, қасыңда жүрсем бола ма деп келіп тұр. Болмайды дедім. Қазіргі заманды білмеймін. Менің кезімде, ешкімнің алдына олай бармаппын. Даяшыдан басқа жерге жұмысқа алмайтынын біліп, бірден сол жаққа баратын едім. Студент кезімде даяшы боп жұмыс істеп, тапқаныма киім алғаным есімде. Жаңағы жігітке соны айтсам, менсінбей тұр. Ол да жұмыс қой. Ыдыс-аяқ жусаң да жұмыс, соны айтсам түсінбейді. Ақыр соңы “жақсы” деп кеттім. Іздену керек, қарау керек. Менің өзім де әлі ізденіп жүрмін”, – деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін Еркебұлан Тоқтар інісіне Алматыдан пәтер сыйлағаны хабарланған еді.

Балнұр Рахматуллақызы
Жұма, 06 Наурыз, 2026 12:44