Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Аяғым 7 см-ге қысқарған": Қарағанды клиникасындағы оталардан кейін 19-дан аса адам қауіпті инфекция жұқтырған

Науқасқа операциядан кейін аяғына инфекция жұққанФото: Видеодан скрин

Тізе буынын ауыстыру отасынан кейін аяқтарын іріңді инфекция шіріте бастағанын бірнеше қарағандылық тұрғын журналистерге айтып берді. Олар дәл осындай жағдайға тап болған 19 адамды тапқан. Бәрі бір клиникада операция жасатқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Елена Кулькова тізе буынын ауыстыру отасынан кейін 12 рет қайта отаға түскен. Қиындықтар эндопротездеуден жарты жыл өткен соң басталған. Тізесі ісініп, ауыра бастаған. Кейін сүйек пен бұлшықетті іріңді инфекция шірітіп жатқанын анықтайды. Қазір әйел адам ауырсынуды басатын дәрісіз жүре алмайды. Ал дәрігерлер емнің нәтижесі қандай боларын нақты айта алмайды.

"Бұрынғыдай өмір сүре алмаймын. Дәрігерлер бұл үшін жауап берсін, олар әлі де басқа адамдарға ота жасап жатыр Бұдан былай мен бұрынғыдай өмір сүрмеймін. Аяғым 7 см-ге қысқарған. Аппаратты шешіп тастаса да, мен мүгедек болып қаламын", – деді қарағандылық Елена Кулькова.

Екатерина Батаева да дәл осындай жағдайды бастан өткерген. Оның енесі дәл сол клиникада ота жасатқаннан кейін сырқаттанып қалған. Ол бұл туралы әлеуметтік желіде жазып, осындай тағы жиырмаға жуық адамды тапқан. Бәрінің оқиғасы бірдей, буынды ауыстырғаннан кейін инфекция жұққан. Енді  бүгінде төсектен тұра алмайды. Емге ай сайын жүздеген мың теңге жұмсалады.

"Дәрігерлер ешқандай кепілдік бермейді, себебі бауыры істен шығып жатыр, жағдайы өте ауыр. Кез келген сәтте бауыр мен бүйрек те жұмысын тоқтатуы мүмкін дейді. Ампутация бір бөлек қайғы. Дәрігерлер енемнің өміріне де қауіп төніп тұрғанын айтты. Мұны естігеннен тағы қанша адам хабарласатыны белгісіз. Меніңше, зардап шеккендер саны бұдан әлдеқайда көп. Біз ұжымдық түрде сотқа жүгінуді жоспарлап отырмыз. Кінәлілердің жазаланғанын, ем-дом мен моральдық шығынның өтелгенін қалаймыз. Себебі адамдардың өмірін тозаққа айналдырды", – деді Екатерина Батаева.

Любовь Шестакова есімді тұрғынның айтуынша, былтыр қыркүйекте клиникада инфекция бар екені белгілі болса да, олар әлі де оталарды жалғастырып жатыр. Астанадағы дәрігерлер оған жүздеген адамның тізімін көрсетіп, бәрінің бір клиникадан екенін айтқан.


Ағзалары зақымданып, ішегі алынды: Перзентхана дәрігерлері 9 ай бұрын алматылық әйелдің ішінде дәке ұмытып кеткен


"Денесінен 1,5 литр ірің шыққан": Пластикалық ота жасатқан алматылық әйел өлім аузынан қалды


Еске салайық, 2024 жылдың қазан айында Өзбекстанның Ферғана облысында дәрігер Абдубаннап Мадалимов ауыр диагнозбен түскен Адинахон Исомитдинова есімді науқастың сау оң аяғын қателесіп кесіп тастаған. Кейін оның ауырған сол аяғы да ампутацияланды. Екі ауыр операциядан кейін науқас 7 қарашада көз жұмды. 2025 жылы сот дәрігерді кәсіби міндетін тиісінше орындамағаны үшін 4 жылға бас бостандығынан айырды және 3 жылға дәрігерлік қызмет атқару құқығынан айырды. Сонымен қатар жәбірленуші тарапқа шамамен 4,6 миллион теңге өтемақы төлеуге міндеттелді. Апелляциялық сот үкімді күшінде қалдырды.

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 30 Шілде, 2025 09:53
Талқылау
`