"Автонесиелеу үлгісін қолдану қажет": Қазақстанда ипотекаға үй алуды жеңілдету ұсынылды
Фото: Ерболат Сатыбалдин Facebook парақшасынан
Мәжіліс депутаты Ерболат Сатыбалдин депутаттық сауалында тұрғын үй сатып алуды қазақстандықтар үшін қолжетімді етуге бағытталған бірқатар ұсыныстарын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мәжілісмен өз сөзінде баспана – қазақстандықтар үшін өзекті әрі күрделі мәселе екенін атап өтті.
"Тұрғын үй – адамның негізгі конституциялық құқығы. Бұл құқық еліміздің басты заңында нақты бекітілген. Алайда іс жүзінде үйлі болу – ұзақ процесс. Мәселен, 30 миллион теңгеге көлік сатып алу оңай, ал дәл осы сомаға баспана алу қиын. Тұрғын үй алғысы келген азамат кем дегенде 30% бастапқы жарна төлеуі керек және банктің 18-20% жоғары мөлшерлемесіне келісуге мәжбүр. Ол құжаттарды жинау сияқты күрделі рәсімдерден өтеді, бірақ соның өзінде ипотека мақұлданбауы мүмкін. Мемлекеттік саясаттың қазір көбіне автокөлік сатып алуды қолдап отырғаны, ал өмірдің тұрақтылығын қамтамасыз ететін тұрғын үй мәселесінің екінші орынға ысырылғаны алаңдатады", – деді Ерболат Сатыбалдин.
Осыған байланысты ол "кейін сатып алу құқығымен жалға беру" жүйесін енгізуді ұсынды. Мұнда ай сайынғы жалдау төлемінің бір бөлігі болашақ бастапқы жарнаға есептеледі. Бұл азаматтарға бір мезгілде қаржы жинап, төлем қабілетін растауға мүмкіндік береді.
"Мысалы, адам ай сайын 200 мың теңге төлесе, оның 50 мың теңгесі бастапқы жарна ретінде есептелуі мүмкін. Осылайша, үш жылда азамат бастапқы жарнаның бір бөлігін жинап қана қоймай, өзінің төлем қабілетін де дәлелдейді. Мұндай жүйе әсіресе жастар, жалғызбасты аналар және әлеуметтік осал топтар үшін пайдалы болар еді. Бұл – әзірге баспана алуға дайын болмаса да, оған ұмтылысы мен әлеуеті бар азаматтар үшін жақсы мүмкіндік", – деп мәлімдеді депутат.
Сонымен қатар ол автонесиелеу үлгісімен ипотеканы онлайн рәсімдеу механизмін енгізу қажет екенін атап өтті. Мемлекеттік органдар мен банктердің деректер базасын біріктіру арқылы рәсімдеу процесін жеделдетуге және тұрғын үй алудағы бюрократияны жоюға болады.
Ол тек "Отбасы банкімен" шектелмей, тұрғын үй жинақ жүйесіне басқа банктерді де тарту керек екенін айтты.
"Сондай-ақ ипотекалық несиелеуді ұзақ мерзімді қаржыландыру үшін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) қаражатын тарту қажет. Бұл пайыздық мөлшерлемелерді төмендетуге көмектеседі. Бұл бәсекелестік туғызып, азаматтар үшін таңдау мүмкіндігін кеңейтеді және несиелерді қолжетімді етеді. Мемлекеттік қолдаудың әділетті және тиімді бөлінуі де маңызды. Мемлекеттік бағдарламалар ең алдымен баспанасы жоқ, мұқтаж азаматтарға бағытталуы керек. Субсидиялар тек алғашқы тұрғын үйді сатып алуға бөлінуге тиіс, екінші нарықты және инвестициялық сатып алуларды болдырмау қажет. Сонымен қатар тұрғын үй саясаты өңірлік даму бағдарламаларымен тығыз байланысты болуға тиіс. Бұл көші-қон үдерістерін теңгеруге және өңірлерді кешенді дамытуға көмектеседі", – деді Ерболат Сатыбалдин.
Ол бұл ұсыныстар қосымша бюджет шығынын қажет етпейтінін, бірақ тұрғын үйдің қолжетімді болуын айтарлықтай арттыратынын айтты. Олар тек ипотекаға негізделген қазіргі модельге балама ұсынады.

"Күйеуім бала көтертпеу үшін вазэктомия жасатты": Екі баласымен корей азаматына күйеуге шыққан әйелдің өмірі қалай өзгерді
