Автобус адамдармен бірге жер астына түсіп кеткен: Құжаттағы қол қалай Майқайыңдағы апатқа алып келді
Павлодар облысында "Майқайың-алтын" АҚ-ның өндірістік қауіпсіздік департаментінің екі қызметкеріне қатысты үкім шықты. Сот мәліметінше маңызды құжатқа қол қою салдарынан автобус адамдармен бірге жер астына түсіп кеткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: ТЖМ баспасөз қызметінен
Еске салайық, кен орнында 2024 жылдың қаңтарында болған апат салдарынан 4 тау-кен құтқарушысы көз жұмған еді. Өндірістік қауіпсіздік департаментінің бұрынғы екі қызметкеріне қатысты іс Баянауыл аудандық сотында қаралды. Оларға Қылмыстық кодекстің 371-бабы 2-бөлігі "Абайсызда ауыр зардаптарға әкеп соққан салғырттық" бойыншы іс қозғалған.
Сотта белгілі болғандай Павлодар облысы бойынша өндірістік қауіпсіздік департаменті мемлекеттік техникалық бақылау бөлімінің бұрынғы басшысы мен маманы 2016 жылы "Майқайың-алтын" АҚ-ға жүргізілген тексеріс барысында 70 заңбұзушылықты анықтаған. Соның ішінде 160 метр тереңдіктегі жерасты кенішіндегі бос кеңістіктер бетон қоспасымен толтырылмағаны белгілі болыпты. Алайда бір жылдан кейін жоспардан тыс тексеріс кезінде маман заңбұзушылықтар анықталмады деп хаттамада көрсеткен.
"Сотталушылар О мен С лауазымды тұлға бола тұра, анықталған заңбұзушылықтар түзетілмегенін білсе де қызметтік міндетінде салғырттық танытып, 2017 жылғы тексерік хаттамасында бұл заңбұзушылықтарды көрсетпеген. Сонымен қатар оны жою үшін шара қабылдамаған. Салдарынан 2024 жылдың 4 қаңтарында бұл бос кеңістіктер опырылып, 4 адамның өліміне, яғни ауыр салдарға алып келді", – деді мемлекеттік айыптаушы Бақытжан Бабаев.
Сотталушылар кінәні толық мойындау жайлы процессуалдық келісімге келмек болған. Алайда мерт болған тау-кен құтқарушысының әйелі Нұрсұлу Шаймерден 50 миллион теңге көлемінде материалдық өтемақы талап етті. Бұл соманы айыпталушылар төлей алмайтын болып шыққан.
"Бәлкім, олар қол қойған кезде мұндай сұмдық жағдай орын алады деп ойламаған шығар. Бірақ олардың қолы мен бұл аймақта жұмысты жалғастыруға рұқсат беруі қанша тағдырдың қиылуына алып келді. Қол қойылған құжат менің бес баламды әкесіз қалдырды", – деді сот жарыссөзінде мерт болған құтқарушылардың бірінің әйелі.
Сот айыпталушыларды кінәлі деп танып, департаменттің бұрынғы басшысына 3 жылға бас бостандығынан шектеу, ал қол астындағы бұрынғы қызметкерін 2 жылға бас бостандығынан шектеу жазасын тағайындады.
"Бұл қылмыстық құқықбұзушылық ауыр емес қылмыстың қатарына жатады және абайсызда орын алған. Сондықтан жазаны жеңілдететін жағдайлармен қоса, бұл қылмыстың қоғамға қауіптілігі мен сипатын есепке ала отырып, сот оларға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған жоқ", – деп түсіндірді Баянауыл аудандық сотының судьясы Теңлік Қадырбекова.