Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Лайықты сервис жоқ, баға тым қымбат: Смайылов елдегі әуе тасымалын сынға алды

Үкімет басшысы Әлихан Смайылов елдегі әуе тасымалы қызметін ұсынатын компанияларды сынға алды. Сөзінше жолаушыларға рейстің кешігу себебі түсіндірілмейді, лайықты сервис жоқ және баға тым қымбат. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Үкімет отырысында елдің азаматтық авиациясы мәселелері қаралды. Премьер-министр Әлихан Смайылов отандық әуекомпанияларға қатысты жолаушылар тарапынан орынды сын-ескертулер айтылатынын атап өтті. Мәселен, рейстердің кешігуі немесе мүлдем орындалмай қалуына байланысты шағымдар көп.

"Осы жылдың қаңтар-ақпан айларында Fly Arystan компаниясы Қостанай әуежайынан Астана мен Алматыға ұшуы тиіс рейстердің жартысына жуығын орындаған жоқ. 25 ақпанда дәл осы әуекомпанияның жолаушылары "Астана-Шымкент" рейсінің 10 сағатқа кешігуіне байланысты жанжал шығарды. Ақыр аяғында, ол рейс мүлдем орындалмай қалды. Өкінішке қарай, әуекомпанияларда жолаушылармен тікелей диалог орнату мәдениеті төмен. Рейстердің кешігу себептерін уақытылы түсіндірмейді. Лайықты сервис ұсынылмайды", — деп атап өтті Үкімет басшысы.

Оның айтуынша, осыдан барып, баға саясатында да көптеген сұрақтар туындайды. Мысалы, Астанадан Алматыға дейін лоукостермен 1,5 сағаттық ұшу Еуропа, АҚШ немесе Қытай елдеріндегі осындай маршруттармен салыстырғанда 2 есе қымбат болуы мүмкін. Осыған байланысты бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі қазіргі баға саясаты жолаушылардың мүддесіне емес, әуекомпаниялардың табысын арттыру үшін жұмыс істеп отыр деп санайды. 

"Бүгінде жанармай шығындарын өтеуге жұмсалатын отын алымы логика бойынша авиаотын бағасының өзгеруіне байланысты болуы тиіс. Алайда, ол билет бағасында өзгеріссіз, бір деңгейде қалып отыр. Сондықтан, баға саясатын қайта қарап, авиатасымал сервисі мен қызмет көрсету сапасын жақсарту үшін үнемі жұмыс істеу керек. Жолаушылардың мүддесі бірінші орында тұруы тиіс", — деді Премьер-Министр.

Фото: primeminister.kz

Сонымен қатар Әлихан Смайылов елдегі әуежайлар хәлін де сынға алды. 

“Еліміздің кейбір әуежайларында ұшу-қону жолақтарына жөндеу жүргізу керек. Траптар мен жанармай құю машиналары сияқты арнайы техникалардың көбі ескірген. Әуежайлардың айналасындағы жерлер тұрғын үй құрылысына немесе бизнес нысандарына беріліп, ретсіз пайдаланылуда. Яғни, халықаралық стандарттар сақталмайды. Бұл ұшу қауіпсіздігіне әсер етеді", — деді Әлихан Смайылов.

Осылайша Үкімет басшысы уәкілетті мемлекеттік органдарға әуежай инфрақұрылымын жаңғырту жөніндегі жол карталарын әзірлеуді, әуежайлардың маңындағы заңсыз берілген жер учаскелерін алып қою жұмыстарын жүргізуді, сондай-ақ авиакеросин өндірісін ұлғайту мәселесін пысықтауды тапсырды.

Жалпы бүгінгі таңда республикада аптасына 56 бағыт бойынша 700-ден астам ішкі рейс орындалады екен. Оның 103 бағыты 27 елге халықаралық әуе тасымалдары қамтамасыз етеді. Сонымен бірге биыл тағы 9 бағыт іске қосылады: Доха, Куала-Лумпур, Анкара, Карачи, Лахор, Жидда, Маскат, Прага және Тель-Авив. 2025 жылға дейін Мумбай, Гонконг, Вена, Токио, Сингапур, Нью-Йорк және басқа да қалаларға әуе рейстерін ашу жоспарланып отыр. 

Талқылау