Ауыр атлеттер медалінен айырылса мемлекеттік сыйлықтарды да қайтаруы мүмкін
Қазақстан әлемдік спорт жанжалына тап болды. Халықаралық ауыр атлетика федерациясы атақты зілтеміршілер Илья Ильин, Зульфия Чиншанло, Мая Манеза мен Светлана Подобедованың қанынан допингтің нақты табылғанын бүгін ресми түрде мәлімдеді. Енді төртеуі де Лондон алтынынан айрылып, Рио Олимпиадасына қатыса алмауы мүмкін. Әзірге, ауыр атлеттеріміз барлық халықаралық жарыстардан шеттетіліп отыр. Бұл өш алу ма, әлде аяқтан шалу ма?,-деген сауал тастады КТК арнасы.
Лондон Олимпиадасы Қазақстанды әлемге спорт державасы ретінде танытқан. 2012 жылы Илья Ильин, Майя Манеза, Зульфия Чиншанло мен Светлана Подобедова алтыннан алқа тағып, сенсация жасаған еді. Бір қызығы, арада 4 жыл өткенде Халықаралық ауыр атлетика федерациясы «бүйректен сирақ шығарып» жатыр. Жерлестеріміздің жеңісін қызғанды ма әйтеуір Ильин, Манеза, Чиншалло мен Подобедова алтынға қара күшпен емес, допингпен қол жеткізді деп аяқ асты шу шығарды.
Күдік туғызған препараттың аты белгілі. Біріншісі станазол. Бұл 4 зілтеміршінің де қанынан табылған. Ол күш беріп, шыдамдылықты арттырады. Бұған қоса Илья Ильиннен дегидро-хлорметил-тестостероны шығыпты. Ол бұлшық етті өсіреді. Әрі Чиншанлодан оксан-дролон деген екінші допинг анықталған екен. Ол да қуатты арттырады.
Бірақ, халықаралық ауыр атлетика федерациясының айыбы көпе-көрнеу жала болуы мүмкін. Өйткені, әлемдік аренада талай топ жарған
Ильяның жеке бапкері оның дәрі ішпегеніне сенімді. Таңғаларлығы алтын алған 4 спортшының бірдей дауға іліккені бапкердің күмәнін туғызып отыр.
«Олимпиада өтіп жатқан жерде тексереді. Өйткені, лаборатория күндіз- түні істейді ол жерде. Мысалы, ұшып келдіңіз сізден бір рет алады. Кейін тағы алады. Соны жарыстың үстінде тексереді. Өйткені, олар жүлдені тексермей бере алмайды. Олар тексеріп алып береді. Кейін тексерудің жаң тәсілін ойлап таптық тағы тексереді. Бәрі күмәнді»,-деді Ильиннің жеке бапкері Елжас Болтаев.
Осындай тыңғылықты тексеруге қарамастан допингттің арада 4 жыл өткенде анықталуын ешкім түсіне алмай отыр. Бір анығы бұл Риоға бір ай қалғанда ауыр атлеттерге жасалған қысым. Енді олар алдағы Олимпиадаға қатыспауы да мүмкін. Әзірше, халықаралық жарыстардан шеттетіліп отыр.
Бірақ, ешқайсысы Олимпиадаға дайындықты тоқтатқан жоқ. Ал, Ильин өзінің интернеттегі парақшасында жанкүйерлерінің қолдауына зәрумін деп ашына жазды.
«Допинг туралы ақпаратты естіп, төбемнен жай түскендей болдым. 2004 жылдан бері допингке қарсы қан тапсырып келемін. Биылдың өзінде екі рет тексеруден өттім. Үнемі таза болатын. Рио Олимпиадасына дайындықты жалғастырып, аяғына дейін барамын. Сіздердің қолдауларыңыздың арқасында шыңға шықтым. Қазір де сондай көмектеріңізге мұқтажбын»,-дейді Олимпиада чемпионы Илья Ильин.
Енді басы дауға қалған спортшыларымызды алда не күтіп тұрғаны осы айдың аяғында белгілі болады. Яғни, маусымның 27-сі күні Швейцарияның Лоззана қаласында тәртіптік комиссиясының отырысы өтеді.
Басқосуда Ильин, Манеза, Чиншанло мен Подобедованың тағдыры шешілмек.
«Ауыр атлетика федерациясының айыбын, тек күдікке ілінген спортшылар жоққа шығара алады. Қазір олар құжаттармен танысып, құқығын қорғауға дайындалып жатыр. Біз барлық жағынан қолдау көрсетіп, көмектесеміз. Әзірге бірдеңе деп айтуға ерте»,-деді ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы.
Қазақстанды әлемге танытқан әйгілі спортшыларын ақтап шығу Спорт министрлігіне үлкен сын. Бір қызығы, бұл қитұрқылардың барлығы Рио Олимпиадасына санаулы күндер қалғанда жасалып отыр. Осыған қарағанда, ешкімге дес бермеген қазақтың алыптарын орға жығу алдын-ала ұйымдастырылған сияқты. Сарапшылардың пікірі де осыған саяды. Ал спортқа саясат араласатын болса, алдағы олимпиада да ел қоржыны біраз алтыннан қағылғалы тұр.