Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

"Нарықтық құнынан 13 есе төмен сатылған": Әділет министрі аукцион өткізудегі заңсыздықтар туралы айтты

Қазақстандағы жеке сот орындаушылары институтының проблемаларына арналған үкімет сағатында әділет министрі Ерлан Сәрсембаев борышкерлердің мүлкін аукционда сату мәселесіне тоқталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: freepik.com

Министр тыйым салынған мүлікті сату тәжірибесі бұл салада "сұр схемалар" бар екенін көрсететінін атап өтті.

 “Тыйым салынған мүлікті төмен бағамен сатып алу мақсатында адамдар сатып алу ниетінсіз жоғары баға ұсына отырып, аукционды мақсатты түрде бұзады”, – дейді министрлік басшысы.

Оның айтуынша, мұндай қатысушыны сатып алушы деп танығаннан кейін соңғысы соманы енгізуден бас тартады, осылайша бірінші аукцион “мүліктің құнын көтеру әдісімен өтпеді” деп танылады және мүлік екінші аукционға, төмендету әдісімен беріледі.

“Мүлікті төмен бағамен сату борышкердің мүддесіне айтарлықтай нұқсан келтіреді. Өйткені мүлікті сату айырмашылығын өтеу ауыртпалығы одан әрі борышкердің мойнына түседі”, – деп атап өтті Сәрсембаев.

Сондай-ақ министр жер учаскесін алып қою туралы атқарушылық құжаттарға қатысты мәселелер бар екенін алға тартты.

“Заңнамаға сәйкес, жер учаскесі бағалау құнынан төмен болуы мүмкін кадастрлық (бағалау) құнымен өткізуге жатады.

Мүдделі тұлғалар өте қысқа уақыт ішінде қадамдарды растауға көмектесетін арнайы бағдарламарды пайдаланады”, – дейді Сәрсембаев.

Министр келтірген дерекке сүйенсек, Астана қаласында сауда-саттық кезінде аукцион жеңімпазы мүліктің құнын 0,2 секунд немесе 1 секунд ішінде растаған. Салдарынан мүлік небәрі 7,5 млн теңгеге сатылған. 

“Бұл нарықтық құнынан – 100 млн теңгеден 13 есе төмен”, – дейді ол. 

Осыған ұқсас мысал Ақмола облысында кездескен. Онда дәл осындай схемамен жер учаскесі 2 млн теңгеге өткізілген, бұл мүліктің бағалау құнынан 15 есе аз көрінеді.

Осы орайда ведомство басшысы негізсіз "байыту" жағдайларын жоюға бағытталған, қатысушылар тең баға ұсынатын жағдайда мүліктің құны көтерілуге жататын заңнамалық түзетулер әзірленгенін атап өтті.

Заңнамаға түзету енгізілген жағдайда, аукцион жеңімпазы төлем жасаудан бас тартқан кезде, мүлікті алдыңғы баға ұсынысын растаған қатысушылар сатып ала алады.

Айнұр Мұхади
Дүйсенбі, 21 Сәуір, 2025 11:37
Талқылау