Ауқатты қазақстандықтардың үй мен аралды қай елдерден сатып алатыны белгілі болды

2025 жылы шетелден үй сатып алған қазақстандықтар арасында айқын айырмашылық байқалған. Бірінші топ 100 мың еуродан арзан баспана сұраса, екіншісі 1 миллион еуродан қымбат элиталық жылжымайтын мүлікті көбірек ала бастаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Forbes сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Бюджеті шектеулі қазақстандықтар көбіне Таиланд, Түркия мен Индонезиядан үй алған. Ал дәулетті азаматтар Еуропаның бұрыннан танымал, тұрақты елдерінен жылжымайтын мүлік сатып алып жатыр екен. Құны 1 миллион еуродан асатын үйлерді сатып алатын қазақстандықтар сенімді, бұрыннан белгілі елдерді таңдайды. Олар үшін шетелдегі үй пайда табу құралы емес. Ол мәртебені көрсету, жайлы демалу немесе болашақта сол елге көшіп бару үшін керек екен.
Tranio брокерінің айтуынша, Қазақстаннан келген инвесторлар Таиландта, Біріккен Араб әмірлігі және Түркиядағы жылжымайтын мүліктерге қызығушылық танытқан. Өткен жылы Біріккен Араб әмірлігі сұраныс бойынша алғашқы үштіктен тез шығып, оның орнына Индонезия қосылған. Алайда бұл елдерге 1 миллион еуродан (593 770 000 теңге) жоғары сомаға үй алатын ауқатты қазақстандықтар қызығушылық танытпаған.
Tranio мәліметінше, 2025 жылы қазақстандық сатып алушылар (1 миллион еуродан басталатын) Еуропада ірі мәмілелер жасаған. Олар жылжымайтын мүлікті Франция, Ұлыбритания және Италиядан алған.
Сонымен қатар брокер қазақстандықтар тарапынан сирек болса да, мәні зор сұраныстар түсетінін айтты. Мәселен, бір қазақстандық Адриатика немесе Жерорта теңізі аймағынан (Хорватия мен Грекиядан) тұтас аралды сатып алмақ болған. Мұндай нысандардың бағасы 20 миллион еуродан (11 875 400 000 теңге) басталады.
Ал Оңтүстік-Шығыс Азия мен Парсы шығанағында 1 миллион еуродан асатын мәмілелер кездеседі. Көбіне бұл Самуи, Банг-Тао немесе Карондағы жеке виллаларға қатысты. Сондай-ақ бұл сомаға Біріккен Араб әмірлігінде бірнеше пәтерден тұратын инвестициялық пакеттерді сатып алуға болады.
Үйді неліктен Еуропадан сатып алады?
Ауқатты қазақстандықтар шетелден үйді көбіне демалу немесе болашақта көшу үшін сатып алады екен.
Еуропадан үй сатып алу кезінде олар табыс табуды көздемейді. Олар үйді тұру үшін ғана емес, жақсы ортада өмір сүру, балаларының сапалы білім алуы үшін сатып алады.
Мұндай сатып алушылар үшін маңыздысы:
- елдің тарихи және мәдени беделі;
- уақытша емес, ұзақ мерзімге, тіпті бірнеше ұрпаққа есептелген өмір сүру мүмкіндігі;
- көшуге ыңғайлы инфрақұрылым (мықты мектептер мен клиникалар);
- күнделікті қолданылатын тіл;
- мәмілелердің сенімді әрі ашық болуы.
Осы себептерге байланысты Францияның Ривьерасы немесе Париж маңындағы аудандар Оңтүстік-Шығыс Азиядағы “трендтегі” жаңа үйлерден әлдеқайда қымбат. Мұнда сатып алушы ақшаға үйдің өзін ғана емес, сол жерге тән ерекше өмір салтын, беделді орта мен мәртебені сатып алады.
Инвестиция үшін алынатын үйлер әдетте шағын әрі тез сатуға ыңғайлы болады. Ал көшуге немесе демалысқа арналған баспана әлдеқайда қымбатқа түседі.
2025 жылы қазақстандық ауқатты азаматтардың көшу мақсатымен сатып алған үйінің орташа бағасы шамамен 1,2 миллион еуро болды. Бұл Оңтүстік-Шығыс Азия мен Парсы шығанағындағы инвестициялық мәмілелердің орташа бюджетімен салыстырғанда 800 мың еуроға қымбат.
Фото: Forbes Kazakhstan
Лазур жағалауынан Тоскана жүзімдіктеріне дейін
Еуропада шамамен 1 миллион еуроға алынатын үй – бұл сарай емес, бірақ қарапайым көпшілікке арналған баспана да емес. Мұндай сома беделді аудандарға, жақсы көршілер ортасына кіруге мүмкіндік береді.
Францияда қазақстандықтардың қымбат сегменттегі сұранысы көбіне Лазур жағалауы мен Париж аймағына бағытталған. Олар бұл аймақтардан теңізге қарайтын террасасы бар пәтерлер немесе XIX ғасырда салынған классикалық париждік үйлерді сатып ала алады. Мұндай баспаналар құнын жоғалтпайды. Мұраға қалдыруға жарамды әрі қаржы орталықтары мен элиталық оқу орындарына жақын орналасқан.
Ұлыбританияда негізгі таңдау Лондон қаласына түседі. Бұл қала әлі де әлемдік қаржының басты орталықтарының бірі саналады. Мұнда үй сатып алу ақшаны сенімді жерде сақтауға әрі балаларды әлемдегі ең үздік университеттерде оқытуға мүмкіндік береді. Сондықтан Marylebone, Kensington, Hyde Park пен Regent’s Park маңындағы аудандар жиі таңдалады.
Ал Италияда Гарда көлі мен Тоскана аймақтары таңдалады. Тастан салынған виллалар, жөнделген фермерлік үйлер, үлкен резиденциялар тыныш, сәнді, жайлы өмірді білдіреді. Ал Гарда көлі қала қарбаласынан алшақ, табиғаты әдемі, тыныш өмірді қалайтындар үшін қолайлы.
Хорватия мен Грекиядан шағын арал іздеу сатып алушының қаржылай толық еркін екенін көрсетеді. Демек ол адам имидж үшін өзіне ғана тиесілі “жеке айлаққа” ақша төлеуге дайын.
Жаңа нарықтар не үшін керек?
Оңтүстік-Шығыс Азиядағы курорттар мен Парсы шығанағындағы жасанды аралдар жоғары табыс ұсынуы мүмкін (жылына 6–13%). Бірақ табыс көп болған сайын, қауіп те жоғары.
Сондықтан ауқатты инвесторлар үшін басты мақсат көп табыс табу емес, бар ақшаны сақтау. Соған қарамастан, 1 миллион еуродан асатын ірі сатып алулар әдетте жаңа емес, инфрақұрылымы дайын, сенімді аймақтарға бағытталады. Мысалы, Dubai Marina, Downtown Dubai немесе Абу-Дабидегі Saadiyat пен Yas аралдары. Бұл ірі девелоперлер салған, тәуекелі төмен жобалар.
Неке шарты қазақстандық әйелді ажырасу кезінде қорғай алмаған: Тойға дейін келісімшарт жасау қажет пе?