Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ауыздарынан көбік, мұрындарынан қан аққан":  Шығыс Қазақстандағы алтын өндіретін зауыт маңында мал қырылып жатыр

Фото: Видеодан скрин

Шығыс Қазақстан облысының Күршім ауданына қарасты Маралды ауылында тұрғындар төрт түліктің жаппай қырылуына алаңдап отыр. Олардың айтуынша, мал алтын өндіретін зауытта қолданылатын қауіпті қоспадан уланып жатыр. Өйткені оннан аса малдың өлексесі өндіріс ошағының маңынан табылған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Жергілікті халық малдың қырылуына зауытта алтынды еріту үшін пайдаланылатын цианид себеп деп сенеді. Айтуларынша, қоспаның түйіршіктері желмен тарап, ауаны улап жатыр. Оның үстіне зауыттан шыққан өткір иіс тұрғындардың да тыныс алуына кедергі келтіріп жатыр.

Маралды ауылының тұрғыны Жанат Кәрібаева малдың қиналып өлгенін айтып, жағдайдың өте ауыр екенін жеткізді.

"Тура фабриканың түбінде жазықта малдар шашылып жатыр. Ауыздарынан көбік, мұрындарынан қан аққан. Цианидтің иісі өте өткір, адамның қолқасын қабады", – дейді ол.

Ауыл халқының сөзінше, мамандар өлекселерден сынама алған соң, бірден өртеп жіберген. Бұл жағдайды "жасыру әрекеті" деп күдіктенген тұрғындар жауаптылардан ашықтық талап етеді.

Дабыл көтерген халықпен кездесуге аудан әкімі Мейіржан Әлібеков те келді. Оның айтуынша, арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр.

"Зертханалық тексеріс басталды. 7 күннен кейін қорытындысы белгілі болады. Егер мал аурудан қырылғаны анықталса, мемлекет тарапынан өтемақы беріледі. Ал егер уланғаны расталса, құзырлы органдар қосымша зерттеу жүргізеді", – деді әкім.

Алайда ауыл тұрғындары нәтижені күтіп отырмай, зауыт жұмысына дереу тексеріс жүргізуді талап етіп отыр. Олар тек малдың ғана емес, адамдардың денсаулығына да қауіп төніп тұрғанын айтады. Ал кәсіпорын өкілдері болса, бұл мәселеге қатысты пікір білдіруден бас тартқан.


Кез келген сәтте өршуі мүмкін: Ақмола облысында сібір жарасының тарауына препараттың жетпеуі себеп болған


Атырау облысында белгісіз індеттен түйелер қырылып жатыр


Еске салайық, бұған дейін Қарағанды облысы Долинка ауылында жүзден астам қой қырылып қалғанын жаздық. Оқиға 15 шілдеге қараған түні болған. Тұрғындар малдың уланғанын болжап отыр. Ветеринария басқармасы уақ малдың улану фактісін растады. Алдын ала мәлімет бойынша, мал бір су көзінен суғарылған. Қазір зертханалық сараптама жүріп жатыр, ал нақты себептер нәтижелерден кейін белгілі болады. Эпизоотиялық жағдай тұрақты, аса қауіпті инфекциялар тіркелмеген.

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 24 Қыркүйек, 2025 09:49
Талқылау