Ауғанстандық жүкті әйелін өлімші етіп сабап, жыныс мүшесін кесіп алған
Ауғанстанның солтүстігінде дәрігерлер өз күйеуі аяусыз қорлаған әйелдің өмірі үшін күресіп жатыр. Денесінің сау тамтығы қалмаған келіншектің құрсағындағы жеті айлық баласы ауыр соққыдан түсіп қалған.
Қорланған әйел күйеуімен бірге Ауғанстанның Тахар провиниясына қарасты Ашкамиш ауданында тұрған. 20 жасар келіншек аяусыз таяқталғаннан кейін ауыр жағдайда Кундуз ауруханасына жеткізілген,-деп хабарлайды BBC.
Әйел есін жиғаннан кейін дәрігерлер мен журналистерге не себепті таяқ жегенін өзі де білмейтінін айтқан. Оның күйеуіне қазір іздеу жарияланды дейді Тахар полициясының басшысы Нұр Мухаммед Хакими.
Ол әйелді қорлаған тек күйеуі ғана емес екенін айтады. Сондықтан қазір,осы іс бойынша үш адамға іздеу жарияланыпты.
Таяқ жеген әйелдің ағасы әпкесінің жыныс мүшесі кесілгенін растаған. Бірақ нақты қалай және қай бөлігі кесіп алынғаны белгісіз.
Әйелдің күйеуі оны ағашпен ұрып, шашының жартысын қайшымен, жартысын тақырлап алып тастаған. Отбасылық жанжалға әйелдің енесі, яғни күйеуінің анасы да араласқан көрінеді. Ол да өз келінін ұрып-соққан. Жәбірленушінің денесінде сау жері қалмаған. Аяқ-қолдары сырылып, көгеріп, қанталап кеткен.
Осы тәулікте Түркіменстанмен шекаралас жердегі тағы бір отбасында әйелді аяусыз қорлаған жағдай тіркелген. Онда тұрмыстағы аяғы ауыр келіншекті күйеуінің туыстары атып тастаған. Олар келіншекке күйеуі жоқта опасыздық жасады деген айып таққан. Бұл мәселеге Фарьяб провинциясының ақсақалдары да араласқан. Олардың барлығы әйелдің айыбын бетіне басып, жаза қолдануды жақын туыстарының еркіне қойған. Тек бір ғана ақсақал жүкті әйелді өздігінен жазаламақшы болған топқа қарсы шыққан.
Баласының намысын қорлады деп келінін атып тастаған ене кейіннен тұрғылықты жерінен қашып кеткен. Ал өлтірілген жүкті әйелдің күйеуі болған жайттан бейхабар Иранда жүр екен.
Соңғы кездері ауғандықтар әйелдердің мұрнын кесіп тастап жұртқа масқара етуді әдетке айналдырған. 2016 жылдың қаңтарында Резой Гүл есімді 20 жастағы келіншектің оқиғасы жұртты таң қалдырған еді. Ол туыстарының айтуымен 15 жасында бір көрген жігітке тұрмысқа шығуға мәжбүр болған.
Жас қыз тұрмысқа шыққаннан кейін өмірі тозаққа айналған. Оның күйеуі Мұхаммед Хан Иранда жұмыс бабымен болып, айына 20 күнге ғана әйелінің қасында болады екен.
Күйеуінің туыстары ұрып-соқса да, аш қалдырып, кей кездері қамап қойса да келіншек өз жақындарына көріп жүрген қорлығы жайлы ауыз ашпаған.
Күйеуі келген кезде туыстары оны әйелімен ұрыстырып келіншек тағы да аяусыз соққыға жығылады екен. Бірде оның күйеуі пышақ алып оны өлтіретінін немесе мұрнын кесіп алатынын айтқан. Әйел одан өзін өлтіруді сұраған. Дегенмен күйеуі оны өлтірместен мұрнын кесіп тастаған.
Осыдан төрт жыл бұрын Time журналына мұрны мен құлағын өз күйеуі кесіп тастаған 18 жасар әйелдің суреті жарияланған еді (жоғарыдағы сурет).
Ауғанстанда күйеуінің қысымынан зардап шегетін әйелдер саны көбейіп кеткен кезде, отағасының құзыретін шектейтін заң қабылданған еді. 2009 жылы шыққан заңда әйелдің өмір сүруге, денсаулығы мен дене мүшесіне зақым келтірмеу айтылған. Дегенмен елде заңға бағынбайтындардың әлі де көп екенін аймақтардағы осындай оқиғалар дәлелдеп отырғандай.