Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ауғанстанда тәліптер долларды сатып алуға және сатуға тыйым салды

Ауғанстанда билікті басып алған "Талибан"* қозғалысы айырбастау орындарында долларды сатып алуға және сатуға тыйым салды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Aamaj News Twitter жазбасына сілтеме жасап.

Бұл операциялар Ауғанстанның жергілікті валютасы бір доллар үшін 95-тен 114-ке дейін құлдырағаннан кейін бірден тоқтатылды.

Бірінші девальвация 7 желтоқсанда басталды. Бір күннің ішінде айырбас бағамы бір доллар үшін 93-тен 100 афганиге дейін өсті.

Әлеуметтік желілерде кейбір ақша айырбастау пункттерінің жанына жиналғандарды тәліптер күшпен таратып жатқаны туралы ақпарат тараған.

Сонымен бірге "Талибан" жасақтаған үкімет өкілдерінен Ауғанстандағы ақша айырбастау орындарының жұмысын тоқтату туралы ресми мәлімдемелер түспеген.



"Талибан" билік басына келгелі бері жаңа үкімет Орталық Азия елдерімен, оның ішінде Қазақстанмен байланыс орнатып үлгерді.

Естеріңізге салайық, 1 мамырда АҚШ пен Солтүстік Атлантикалық Альянс әскерлерінің Ауғанстан аумағынан ресми шығарылуы басталды. Осыдан кейін елдегі жағдай ушығып кетті. 15 тамызда "Талибан" содырлары Ауғанстанның бүкіл аумағына бақылау орнатылғанын жариялады. Сол күні президент Ашраф Гани отставкаға кетіп, елден кетті. Кейбір мәліметтер бойынша, экс-президент қашып кетер алдында ауған бюджетінен қомақты қаржыны ұрлаған.

"Талибан"* - Қазақстанда тыйым салынған террористік ұйым.

Талқылау