Ауғанстанда музыкалық шоудың финалисі болған әнші әйел жоғалып кетті: Күйеуі биліктен күдіктенеді
Фото: afghanstar TV
Ауғанстандық танымал әнші бір айдан астам уақыттан бері табылмай жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Азаттық радиосына сілтеме жасап хабарлайды.
Әнші Зулала Хашими күйеуіне "бір-екі сағаттан кейін оралатынын" айтып, алдағы айт мерекесі үшін 4 маусымда дүкенге шықты. Содан бері ол оралмады.
"Зулала өзімен бірге ұялы телефонын алмады, өйткені төрт жасар баламыз жыламасын деп оған беріп қойған еді", – деді күйеуі Саид Мохсен Садат.
Енді олар Зулаланың жағдайына алаңдаулы. Себебі Ауғанстанда музыкаға тыйым салынған және соңғы жылдары екі әншіні атып өлтірді.
Талибан музыканы исламға қайшы деп санайды және оны барлық қоғамдық орында, үйлену тойларында, басқа да қоғамдық шараларда және теледидар мен радиода өткізуге тыйым салды.
Садат үкіметтен көмек сұрады. 7 шілдеде Талибанның ішкі істер министрлігі 25 жастағы Зулала отбасылық қиындықтар мен тұрмыстық зорлық-зомбылық салдарынан үйден кеткенін айтты. Алайда күйеуі мұны үзілді-кесілді жоққа шығарады.
"Олардың бұрыннан келе жатқан проблемаларымен келіспеушіліктері болған. Соңғы күндері тұрмыстық зорлық-зомбылықтың күшеюіне байланысты ол үйін тастап, басқа жаққа кетуге мәжбүр болған. Ол ажырасуға арыз беру үшін бізге немесе полицияға хабарласуы мүмкін", – деді ішкі істер министрлігінің баспасөз хатшысы Абдул Матин Кани.
Алайда күйеуі басқа отбасыларға қарағанда олар мәжбүрлі түрде емес, махаббатпен қосылғанын айтады. Садаттың айтуынша, ерлі-зайыпты Ауғанстаннан кетіп, Германияға көшуді жоспарлаған, Зулала музыкалық мансабын сонда жалғастырғысы келген. Оның айтуынша, олардың иммиграциялық ісі қаралып жатыр.
Ерлі-зайыпты шамамен он жыл бұрын TOLO студиясында кездесті, ол сахна технигі болып жұмыс істеді. Ал Зулала сол кездегі танымал "Ауған жұлдызы" музыкалық шоуының қатысушысы болды.
Нангархардың консервативті провинциясынан шыққан Зулала 2016 жылы шоудың 12-маусымында пушту әнін орындап, ауған санхасында сенсацияға айналды. Ол байқауда екінші орын алып, Ауған жұлдызының финалына шыққан алғашқы әйел болды.
Миллиондаған ауғандық Талибан Кабулда билікке келгенге дейін "Ауған жұлдызы" шоуын көретін.
Талибанның билікке оралуы жүздеген ауған әншілерін, бишілерін және музыканттарын елден кетуге мәжбүр етті.
2021 жылы елдің солтүстігіндегі Бағлан провинциясындағы Қишнабад ауылында халық әншісі Фавад Андарабияны үйінен сүйреп апарып, басынан атып өлтірген. Оның отбасы талибан содыры өлтіргенін айтты. Тағы бір музыкант Муслим Нуристани 2023 жылы Нұристан провинциясында атып өлтірілген.
2024 жылы Талибанның ізгілік және орынсыздықтың алдын алу министрлігі өткен жылы тәркіленген 21 000-нан астам музыкалық аспап өртенгенін хабарлады.
Әдеп полициясы музыканың "моральдық құлдырауға" әкелетінін айтты.
1996-2001 жылдар аралығындағы бірінші билік кезеңінде Талибан теледидар, радио, үйлену тойлары мен кез келген қоғамдық іс-шараларда музыкаға толығымен тыйым салды.
Еске салсақ, бұған дейін Ауғанстанда әйелдерге көшеде сөйлеуге, дауыс шығаруға тыйым салынғаны айтылды.

“Газ плитасы, күннен қуат алатын панельдер алып дайындаламыз”: Алакөлде шатырда қонып жүрген қазақстандық отбасы жабайы демалысты дәстүрге айналдырған
