"Әуежайдан видео түсіргенімен, шетелде ота жасатпаған": Баласының еміне деп халықтан миллиард теңге жинаған ата-анаға қатысты тергеу аяқталды
Видеодан скриншот
Қаржы мониторингі агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті ұлының еміне деп қаражат жинап, оны басқа мақсатта жұмсады деген ерлі-зайыптыға қатысты алаяқтық фактісі бойынша тергеп-тексеруді аяқтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Тергеу амалдарына сай, ата-ана баланы видеоға түсіріп, әсерлі жазбаларды таргеттелген жарнамаға жіберген. Осы арқылы күдіктілер 1,3 миллиард теңгеден астам көлемде қаражат жинаған. Алайда баланың еміне тек 6,4 миллион теңге жұмсалған. Қалған қаражат ерлі-зайыпты жеке қажеттіліктеріне пайдаланылған көрінеді.
“Елордада 3 пәтер, жер телімі, 5 автокөлік сатып алынған. Сонымен қатар, қаражаттың бір бөлігі құмар ойындарына жұмсалған. Қайырымдылық қаржысын тұрақты түрде алып отыру үшін жарнамаға бөлген. Meta Ads арқылы жүргізілген жарнама аудиторияны едәуір кеңейтіп, қайырымдылық көлемін арттыруға мүмкіндік берген
. Күдіктілер Түркиядағы LIV Hospital клиникасында 84 миллион теңгеге ота жасатамыз деген желеуді де пайдаланған. Қажетті сома жиналғанымен, шетелде ота жасалмаған. Керісінше, олар Instagram парақшасында әуежайдағы "ұшып бара жатқан" видеосын жариялап, ота сәтті өтті деген жалған ақпаратпен жазба салған”, – делінген хабарламада.ҚМА мәліметінше, олар сотқа дейінгі тергеу басталғанын білген соң, қылмыстық жолмен алынған активтерді жасыру мақсатында жер телімін үшінші тұлғаның атына рәсімдеген. Алайда тергеу бұл мәміленің жалған екенін дәлелдеді.
Сот санкциясымен қылмыстық жолмен алынған мүліктердің барлығына тыйым салынды.
Күдіктілер енді үйқамақта. Қазір қылмыстық іс сотта қаралып жатыр.Еске салсақ, қазақстандық ата-ана жазылып кеткен баласының еміне 4 жыл бойы ақша жинап, қаржыны шопинг пен құмар ойынға жұмсағаны айтылды.

Қостанайда Ресей флотының мерекесі тойланды: Әкімдік шарадан хабарсыз болған
