Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Аудит кезінде 138 миллиард теңге қаржылық заңбұзушылық анықталды: Әлихан Смайылов Ұлттық экономика министрлігін сынға алды

Фото: Жоғары аудиторлық палата

Қазақстандағы әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың қызметін тексерген Жоғары аудиторлық палата аудит кезінде жүздеген миллиард теңгеге жететін заңбұзушылықтарды анықтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Жоғары аудиторлық палата өңірлердегі әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың қызметін кешенді тексеруді аяқтады. Мемлекеттік бюджеттен бөлінген миллиардтарды тиімді жұмсауы тиіс бұл ұйымдардың жұмысын ешкім дұрыс реттелмеген.

“ӘКК мемлекеттік жоспарлау жүйесіне интеграцияланбаған, олардың даму жоспарлары формальды түрде жасалады, сыртқы бағалау жүргізілмейді, ал жұмысы әкімдіктер жұмысының тиімділігіне әсер етпейді”, – деп жазды Жоғары аудиторлық палата.

Нәтижесінде – қаржылық тәртіпсіздік орнаған. Соңғы бес жылда әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларға бюджеттен 528 млрд теңге бөлінген. Оның 288 млрд теңгесі кәсіпкерлерді несиелендіруге бағытталуы тиіс еді. Алайда өңірлердегі әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар бұл қаражатты аймақтық дамуға үлес қосатын инвестициялық жобаларға салудың орнына, мемлекеттік ақшаны депозиттерге орналастырған немесе әлеуметтік пайдасы аз коммерциялық жобаларға жұмсаған.

Аудит нәтижелері:

  • 138 миллиард теңге – қаржылық заңбұзушылықтар;
  • 14,5 миллиард теңге – тиімсіз жоспарлау;
  • 33,6 миллиард теңге – бюджет қаржысын тиімсіз пайдалану.

Жоғарғы аудиторлық палата 14 факт бойынша материалдарды құқық қорғау органдарына жолдамақ. 

Жоғарғы аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов ӘКК жұмысын реттеуі тиіс Ұлттық экономика министрлігін қатаң сынға алды.

“Сіздер нақты ұстаным қалыптастыруларыңыз керек. ӘКК немен айналысуы тиіс? Олар – өңірлік даму институттары ма? Аймақтардағы әлеуметтік рөлі қандай? Инвестиция тартудағы міндеті қандай? Қандай құралдар қолданады? Қандай жобаларды қаржыландыра алады немесе ала алмайды? Қазір ӘКК не болса сонымен айналысады. Өңірлерде не шешсе, соны істейді. Көп жағдайда бұл Кәсіпкерлік кодекске қайшы келеді”, – деді Әлихан.Смайылов.

Мемлекеттен миллиардтар бөлінгеніне қарамастан, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар жылдар бойы шығынмен жұмыс істеп келеді. 2025 жылдың басында олардың жиынтық теріс балансы 209 миллиард теңгеден асқан. Бұл көрсеткіш бес жылда жеті есе өскен.

Ал дивидендтер керісінше, азайған. 2024 жылы әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар бюджетке 500 млн теңгеге де жетпейтін дивиденд аударған. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда төрт есе аз.

Жоғарғы аудиторлық палатаның тексерісі әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың маңызды инвестициялық жобаларын емес, көбіне таза коммерциялық мүддедегі компанияларды қаржыландыратынын көрсетті.

  1. “Ертіс” ӘКК: Инвестициялық жоба ретінде көрсетілген 16,6 миллиард теңгелік коммерциялық тұрғын үй құрылысы. Аудит 3,3 миллиард теңге көлемінде бұзушылық анықтады.
  2. “Aqjaiyq” ӘКК: Жобаларға деп бөлінген жер телімдері игерілмей қалған немесе басқа коммерциялық мақсатқа өзгертілген.
  3. “Актобе” ӘКК: Соңғы үш жылда бір ғана жеке компанияны қаржыландырып, жалпы 11,2 миллиард теңге көлемінде несие мен субсидия берген. Қарызды мақұлдайтын комиссия құрамына сол компаниямен байланысы бар адам кірген, ал несие кепілсіз және заңбұзушылықтармен берілген.
  4. “Семей” ӘКК: Жобалар тәуекелдер мен тиімділікке талдау жасалмай, тек ақша игеру мақсатында мақұлданған.

 

Айым Болатқызы
Сейсенбі, 02 Желтоқсан, 2025 12:49