Миллиардтаған қаржы тиімсіз жұмсалған: Цифрлық даму бойынша мемлекеттік аудиттің қорытындысы жарияланды
Цифрлық даму саясатының тиімділігіне жүргізілген мемлекеттік аудит аяқталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: depositphotos.com
Аудит қортындысына сәйкес, 2016-2017 жылдары "Инновациялық технологиялар паркі" АКҚ шеңберінде 5 технологиялық даму орталығын және 1 венчурлік қор құруға бюджеттен 4,9 миллиард теңге бөлінген. Алайда 3 орталықтың қызметі тиімсіз және нәтижесіз екені, ал 2 компания перспективалық даму жоспарларынсыз жұмыс істегені анықталды. Осылайша, 3 миллиард теңге тиімсіз пайдаланылған.
Сондай-ақ "Инновациялық технологиялар паркі" АКҚ арқылы бюджет есебінен 987 миллион теңгеден астам сомаға қаржыландырылған 95 стартапқа салынған инвестициялардың табыстылығы расталмаған.
"Инновациялық технологиялар паркі" АКҚ-ға 2015 жылдан 2024 жылға дейін бюджет қаражатынан бөлек жер қойнауын пайдаланушылардан ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды (ҒЗТКЖ) қаржыландыру бойынша міндеттемелер ретінде 41 миллиард теңге түскен. Ал "Инновациялық технологиялар паркі" АКҚ сараптамалық комиссиясы ҒЗТКЖ-ны қамтамасыз етуге жауап бермейді, бұл осы бағытта қабылданатын шешімдердің ашықтығына күмән келтіреді. Нәтижесінде 14,8 млрд теңгеге 179 жоба ғылымды дамытуға және жаңа технологияларды жасап шығаруға емес, бизнестің ағымдағы міндеттерін шешуге бағытталған”, – делінген мәлімдемеде.
Жалпы аудит қорытындысы бойынша 1,1 миллиард теңгеге қаржылық бұзушылықтар анықталған. Бюджет қаражаты мен активтерін тиімсіз жоспарлау 2,2 миллиард теңге, ал оларды тиімсіз пайдалану 46,5 миллиард теңгені құрады. Сондай-ақ 45 жүйелік кемшіліктер мен 143 процедуралық бұзушылықтар анықталған.
Еске салсақ, бұған дейін Назарбаев университетінің 73 миллиард теңгені тиімсіз жұмсағаны анықталған еді.