Атышулы Баян Мақсатқызы әкімнен зорлық көрген қызға араша түсті
Шымкенттің экс-әкімі зорлық, ал оның жары қорлық көрсетті деген әйелге белгілі продюсер Баян Мақсатқызы араша түсті! Әлия Байділдаеваның тағдыры атышулы продюсерді бей-жай қалдырмапты. 3 жыл бойы азапты өмір сүрген келіншектің қазір 2 баласымен Алматыда қашып жүргенін айта кетейік, деп хабарлайды КТК арнасы.
Ал, өзі де бұрынғы күйеуінен таяқ жеп, 1 жарым жылдан бері дәрігер жағалап жүрген продюссер отбасындағы зорлық-зомбылықпен күреске мықтап кіріспек. Өйткені, көгала қойдай болған әйелдер көмек сұрап жаппай Баянға баратын болған. Ол осы мәселеге келгенде биліктің үнсіздігіне ашулы.
2 баласын жетектеген Әлия азаптан құтылғанына әлі сенер-сенбесін білмейді. “17 жасымда Шымкенттің экс-әкімі зорлап, еркінен тыс тоқалы етті дейді келіншек. Әлияның қорқынышты өмірі бар шындықты Өмірзақ Әметұлының бірінші отбасы білгенде басталған. Айтуынша, шендінің әйелі өш алу үшін шиеттей 2 қызымен оны жатақханада қамап ұстапты. Тіпті, мұраға таласады деген үреймен Әлияны қыздарынан бас тартуға мәжбүрлеген көрінеді. Бұған қарсылық танытамын деп, оның көрмегені жоқ.
“Ең қатты маған тигені осылай бізді отырғызып, денеме ине тыққан кезі қатты тиді. Кейін барып, мына ауыратын қызды ұратын болды”, – дейді Әлия Байділдаева.
Сол кезде көмек сұрап, келіншектің қақпаған есігі қалмаған. Бас прокуратураның өзіне 18 рет шағым түсіріпті. Бірақ, еш пайда болмай, ақыр соңында Баянға жылап барған. Атышулы продюсер қазір бұларды экс-әкімнің отбасынан қорғауды қолға алыпты. Әрі жалғыз Әлиямен шектелмеймін деп отыр.
“Әйел адамға қол көтеруге ешкімнің құқы жоқ. Бұл менің басымнан өтті. Ештеңе істей алмадым, жаным ауырды. Менің танымалдылығым да, талантым да, жұмыстарым да, қысқасы ештеңе көмектеспеді. Және мен сияқты әйелдер өте көп”, – дейді Баян Мақсатқызы.
Шын мәнінде, қазір Мақсатқызынан араша сұрайтындар көбейген. Мұның бәрі танымал әйелдің өзі де тұрмыстық зомбылықтың құрбаны екені белгілі болған соң басталыпты. Қазір оның мақсаты отағасынан таяқ жегендер бас сауғалай алатын арнайы мекемелер барын көптің құлағына жеткізу.
Баян Мақсатқызы, продюсер:
“Елімізде әйелдер құқығын қорғаумен айналысатын 100-ге жуық ұйым бар екен. Алайда көптеген әйелдер ол ұйымдар туралы білмейді де. Яғни халыққа жеткізу керек. Ал менен де қатты кім жеткізе алады?” – дейді Баян.
Қазір Әлия да осындай әлеуметтік мекемеде өмір сүруде. Бірақ, онда әрі кетсе жарты жыл тұра алады. Ал, бұл уақыт әйелдердің өз-өзіне келуіне тым аз дейді Баян. Оны өз тәжірибесінен біледі. Өйткені, Бақытбек Есентаевтың соққысының кесірінен, әлі күнге дейін дәрігер жағалап жүр екен.
Айта кетсек, елімізде жылына 500-ге жуық әйел тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қаза табады. Былтыр полицейлерге соққыға жығылған 5300 келіншек жүгініпті. Ал, биыл жарты жылдың ішіндегі шағымдар саны 3700-ге жуықтады. Бұл статистика отбасындағы зомбылықтың артқанын көрсетіп отыр.
Бүгін осы мәселеге келгенде еліміздегі заңның әлсіз екені де айтылды. Продюсердің айтуынша, Еуропада әйелімен сөйлесуді қойған еркектердің өзі жазаланады екен. Нәзік жандарды қорғап жүрген белсенділер енді құзырлы орындармен бірлесе жұмыс істеуге кіріспек.
Жіберіп алмаңыз:
Еліміздің 18-миллионыншы тұрғынына 3 бөлмелі пәтер берілді
Баян Мақсатқызы тұрмысқа шығатынын мәлімдеді
Төреғали Төреәлі мен Ерке Есмахан “Нұр Отан” партиясына қабылданды
Ерке Есмахан дүркіреп өткен туған күніне әншілерді шақырған жоқ (фото, видео)