Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Атыраудағы қанды іс: Күдіктінің әйелі Ақбаян Мұқанғалиева Алматыға жеткізілді

Акбаян Мукангалиева Алматыға жеткізілдіФото: Ішкі істер министрлігі / Ақбаян Мұқанғалиева

Атырау облысындағы Жангелдин ауылында бір отбасының қаза табуына қатысты тергеу ісінде жаңа мәліметтер белгілі болды. Күдікті Ақбаян Мұқанғалиева арнайы сараптама жүргізу үшін Алматы қаласына жеткізілген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Облыстық прокуратураның мәліметінше, Ақбаян Мұқанғалиева Алматыдағы Сот сараптамалары институты мекемесіне стационарлық кешенді сот-психологиялық және психиатриялық сараптамадан өту үшін жіберілген.

Қазір сараптама қорытындысы әлі дайын емес. Бұған дейін күдікті сот санкциясымен Атырау облысындағы арнайы медициналық мекемеге орналастырылған еді. Құзырлы органдар оның мінез-құлқына байланысты психикалық жағдайын тексеру қажет деп шешім қабылдаған.

Прокуратура мәліметінше, Мұқанғалиеваға әзірге нақты айып тағылып, бұлтартпау шарасы таңдалмаған. Тергеу барлық мән-жайды анықтап, сараптама нәтижелері шыққаннан кейін ғана құқықтық баға береді.

Іс бойынша басты күдікті – марқұмдардың күйеу баласы Сұлтан Сәрсемалиевке де кешенді психологиялық және психиатриялық сараптама тағайындалған. Алайда оның сараптамадан нақты қай жерде өтіп жатқаны белгісіз.

Оған қатысты мынадай айыптар тағылған:
•    екі немесе одан да көп адамды өлтіру;
•    алдын ала сөз байласу арқылы жасалған ұрлық;
•    алаяқтық.

Тергеу деректеріне сәйкес, ұрлық пен алаяқтық эпизодтары марқұмдардың жеке заттарын иемдену және малын заңсыз сату фактілерімен байланысты.

Еске салайық, 2025 жылдың желтоқсан айының соңында Жангелдин ауылында бір отбасының төрт мүшесі із-түзсіз жоғалған. Кейін бұл істің адам өлтіру дерегі екені анықталған. Іздеуде болғандар 66 жастағы Максот Қарабалин, 64 жастағы Насип Өтешкалиева, 35 жастағы Мирамгүл Қарабалина, 32 жастағы Наурыз Мұқанғалиев. Қазір тергеу жалғасып жатыр. Сараптамалардың қорытындысы істің әрі қарайғы бағытын анықтайды.

Айым Атамбаева
Жұма, 10 Сәуір, 2026 09:43