Атырауда кедейліктен зардап шеккен көпбалалы ана балаларын интернатқа тапсырды
Алты баласын асырай алмаған ана ақыры олардың үшеуін интернатқа төткізуге мәжбүр болған.
Бұл туралы Евразия арнасы хабарлайды.
Күйеуі қайтыс болғаннан кейін Сандуғаш 6 баламен бір өзі қалады. Тек кондуктор болып жан баққан ол дұрыс жұмысқа да тұра алмаған. Алты бірдей баланы асырап жеткізу қиынға соққандықтан, ол үш баласын интернатқа беруге шешім қабылдаған.
“Біздің өз үйіміз болмағандықтан маған осында оқып, өмір сүруге тура келеді. Егер үйім болса, бұл жерде қалмас едім. Анамның қасында болғым келеді”, – дейді ұлы Бекбол Жақсыбаев.
Жағдайы жақсарып, мүмкіндік пайда болса Сандуғаш балаларын қасына алмақ. Әзірге ол қалған балаларымен әбден әрі тайған тоқал тамда тұрып жатыр.
“Жалғыз басты көп балалы анамын. Бұл пәтерді де жалдап отырмын. Менде балаларымды тамақтандыратын мүмкіндік болмағандықтан интернатқа бердім. Жағдайымыз өте қиын. Алған жәрдемақымның жартысы пәтерді төлеуге жұмсалады. Киім алуға да жетпейді”, – дейді Сандуғаш.
Әйел өзі қаншама рет тығырықтан шығуға тырысып көргенімен, бәрібір жолы болмаған. Енді ол жомарт жандардан көмек сұрайды. Көпбалалы ана ретінде де үй кезегіне тұрған. Қазір ол 1982-ші болып тіркеліп тұр. Қазір тек балаларымның болашағы, солар үшін өмір сүріп жүрмін дейді Сандуғаш. Егер Сандуғашқа көмек қолын созамын дейтін жандар болса, мына 8 702 31 11 906 байланыс нөміріне хабарласа алады.