"Ату жазасына дайынмын": Арыстанбек Мұхамедиұлы сотта соңғы сөзін сөйледі
Арыстанбек Мұхамедиұлы соңғы сөзінде "Ату жазасына дайынмын! Тек "жемқор" деген жаман атқа қалмасам болды" деген мәлімдеме жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Мемлекеттің миллиондарын жымқырды деп ұсталған ұлттық музейдің бұрынғы басшысы тағылған айыппен сол күйі келіскен жоқ.
"Қандай жаза тағайындаса да, мен дайынмын, тіпті ату жазасы болса да. Тек жемқорлық емес. Қазақтың мақалы бар: "Өлімнен ұят күшті" деген. Арым қымбат", - дейді Арыстанбек Мұхамедиұлы.
Былтырдан бері "ақшаны көрмедім, алмадым" деген сөздерден танбаған Мұхамедиұлы мұның барлығын дұшпандарының қасақана істеген әрекеті санайды.
Апта басында ғана ол әйелі екеуі соттан кезекті рет өзін үйқамаққа ауыстыруды сұраған болатын. Айтуынша, денсаулығы сыр берген әрі ұры-қарымен бірге темір торда отыруға арланып жүр екен. Бірақ сот бұл өтінішті қанағаттандырған жоқ.
Үкім келесі аптада шығып қалуы мүмкін. Мемлекеттік айыптаушы Мұхамедиұлына 9 жыл жаза сұраған болатын. Әр жылдары мәдениет министрі, ұлттық музей директоры болып қызмет еткен оның қолына антикор былтыр мамырда кісен салған.
Арыстанбек Мұхамедиұлы "Алтын адамның" әлем мұражайларындағы шеруі" халықаралық көрмесін өткізуге бөлінген қазынаның миллиондарын қалтаға басты деп айыпталуда.

“Партизан болған, 400-ден астам жаралы сарбазды құтқарған”: Екінші дүниежүзілік соғыста ерлік көрсеткен қазақ қыздары кімдер
