Атышулы Қуат Хамитов Еркебұлан Тоқтарды жекпе-жекке шақырды

Фото:Stan.kz collage
Қазақстандық танымал файтер Қуат Хамитов актер әрі ММА жауынгері Еркебұлан Тоқтарға ашық түрде жекпе-жек өткізуді ұсынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қуат Хамитов бұл туралы өзінің Instagram парақшасында жариялады.
"Қазақстандағы промоутерлер ұйымдастыратын турнирлердің деңгейі көңіл көншітпейді. Шынайы шоу мен масштаб жоқ. Барлығы жасанды, бәрі өтірік секілді… Ал нағыз қызық кездесу – менің және Еркебұлан Тоқтардың арасындағы айқас болмақ! Мұндай жекпе-жек еліміздегі ең үлкен оқиғаға айналары сөзсіз", – деді Қуат Хамитов.
Айта кетсек, жуырда Қуат Хамитов Біріккен Араб Әмірліктерінде өткен ACA 194 турнирінде ресейлік қарсыласын жеңіп, жарқын жеңіске жеткен. Бұған дейін ол кәсіпқой бокста бір ғана кездесу өткізіп, 2024 жылдың қыркүйегінде Нұрберген Шәріповті төрешілер шешімімен ұтқан.
Ал Еркебұлан Тоқтар тамыз айында Қонаев қаласында өткен Octagon 77 турнирінде ирандық файтер Фарзад Гадериді екінші раундта техникалық нокаутпен жеңіп, өз жанкүйерлерін қуантты.

