Атышулы іс бойынша тәркіленген Lamborghini Huracan нарықтағы бағасынан үш есе қымбатқа сатылымға шықты

Атышулы 1Win онлайн-казиносы ісіне қатысы бар тұлғалардан тәркіленген люкс санатындағы Lamborghini Huracan көлігі мемлекеттік саудаға шығарылды. Көліктің бастапқы бағасы 343 миллион теңгеден асады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Электрондық сауда порталында 2016 жылы шығарылған, ашық жасыл түсті Lamborghini Huracan көлігін сату туралы хабарландыру жарияланды. Сатушы ретінде қаржы министрлігінің мемлекеттік мүлік және жекешелендіру жөніндегі Алматы департаменті көрсетілген.

Сауда 20 ақпан күні сағат 09:55-ке белгіленген және бағаны төмендету жүйесі бойынша өтеді. Бұл дегеніміз, егер көлікті бастапқы бағамен сатып алғысы келетіндер табылмаса, алғашқы өтінім берілген сәтке дейін баға біртіндеп төмендей береді.
Көліктің бастапқы бағасы 343 332 000 теңгені құрайды, ал оның бағалау құны – 114 444 000 теңге. Сатушының мәліметінше, автокөліктің жағдайы қанағаттанарлық: кілттері бар, алайда техникалық паспорты мен мемлекеттік тіркеу нөмірі жоқ, сондай-ақ көліктің бүтіндігіне тексеру жүргізілмеген. Сонымен қатар, көлікке қатысты шектеулер мен тыйым бар.

“Соттар, құқық қорғау органдары, мемлекеттік кірістер органдары және заңнамада көзделген өзге де органдар тарапынан меншік құқығын өзгертуге тыйымдар немесе шектеулер қойылған объектілерді мемлекеттік тіркеуге алу бойынша барлық жауапкершілік жеңімпаздың өзіне жүктеледі”, – делінген лот симаттамасында.
Еске салсақ, бұған дейін 1Win заңсыз казино ісі бойынша Lamborghini, Maybach автокөліктері мен миллиондаған теңге тәркіленгені туралы жазған едік.