Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Атышулы әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жаңа басшы тағайындалды

Фото: gov.kz

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына (ӘМСҚ) жаңа басшы тағайындалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Қаржы министрлігінің аппарат басшысы Эрнар Ержанов "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КеАҚ ұжымына жаңа басқарма төрағасы Гүлмира Сабденбекті таныстырды.

“Оның кәсіби медициналық білімі, сондай-ақ қоғамдық денсаулық сақтау магистрі (MPH) дәрежесімен денсаулық сақтау саласында басқарушылық тәжіриесі бар. Гүлмира Сабденбек әр жылдары басшылық қызметтер атқарды. Атап айтқанда, Ұлттық медициналық холдингтің стратегиялық даму департаментіне жетекшілік етті, сонымен қоса "Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталығы" АҚбасқарма төрағасының орынбасары болды”, – делінген қаржы министрлігінің хабарламасында. 

Бұған дейін Гүлмира Сабданбек президент әкімшілігі әлеуметтік-экономикалық саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары қызметін атқарып, әлеуметтік саясат және орнықты даму, мемлекеттік аудит, сондай-ақ қаржылық бақылау мәселелерімен айналысқан.


"7,8 триллион қайда кетті?": Тоқаев МӘМС-тегі жымқыру жайлы айтты


Бұдан бөлек ұжымға басқарма төрағасының бірінші орынбасары Айдар Мекебеков те таныстырылды. 

Фото: gov.kz

Ол қаржы министрлігінің жүйесінде ұзақ жыл жұмыс істеген. Атап айтқанда, салық инспекторынан бастап мемлекеттік кірістер және қаржылық бақылау органдарының бөлімшелерінде басшылық қызмет атқарған. Қаржы мониторингі комитеті төрағасының орынбасары болған. Бүгінге дейін "Қазақмыс корпорациясы" ЖШС-де ұрлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі департамент директоры ретінде қызмет атқарған. 

“Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қызметі халықтың нақты қажеттіліктерін ескере отырып, қаражатты мақсатты әрі ашық бөлуге, сонымен бірге сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз етуге бағытталады”, – делінген қаржы министрлігің хабарламасында. 

Еске салсақ, бұған дейін қор жұмысында анықталған ауқымды заңбұзушылықтардан кейін премьер-министр Олжас Бектенов әлеуметтік медициналық сақтандыру қорын қаржы министрлігінің қарамағына беру туралы шешім қабылдаған еді. Қызылордада өткен Ұлттық Құрылтай отырысында Тоқаев үкіметтің медициналық сақтандыру қорын қаржы министрлігіне беру туралы шешімін қолдайтынын мәлімдеді.

Дана Русланқызы
Жұма, 23 Қаңтар, 2026 20:53