Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Атыраулық әйел экс-күйеуін зорлық-зомбылық жасады деп мәлімдеді: Депутат өзіне тағылған айыпқа қатысты пікір білдірді

Атырауда бұрынғы күйеуінен қорлық көрдім деген Нұржамал Тажғалиева құзырлы орган өкілдерінен көмек сұрайды. Айтуынша облыстық мәслихат депутаты болған күйеуінен он жыл уақытта зорлық-зомбылық көрген. Алайда депутаттың өзі экс-жұбайының сөзін жоққа шығарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Атыраулық келіншек бет-аузы көгеріп, басы жараланған фотоларын желіде жариялады. Айтуынша, экс-күйеуі жиі қол көтеріп, тыныштық бермеген. Талай мәрте полицияға да арыз жазған екен. 

Алайда Атырау облыстық мәслихат депутаты бұрынғы әйелінің айтқан сөзі шындыққа жанаспайды дейді. Жала жапты деп шағым түсірмек.

“Мен ешқандай қол көтерген жоқпын. Ажырасқанда да қол көтермедім. Оған дейін де солай болды. Фотолар, видеоларды да неге салмайды? Бәрін салсын! Бәрін алып сала салуға болады. Оның барлығы өтірік сөз. Жалған. Алиментке бергенін білген жоқпын. Оны желтоқсанда ғана білдім. Сот орындаушы заңды есептеп шығарды”, – деді Атырау облыстық мәслихат депутаты Айбар Ерекешов.

Ал жәбірленуші құзырлы органға арыз жазып, әділдікке қол жеткізуді көздейді.

“Қазіргі уақытта сенім білдіруші Нұржамал Тәжғалиева құқық қорғау органдарына өзінің бұрынғы күйеуі Ерекешевке қатысты шара қолдану туралы арыз жазды. Арыз мазмұны – денсаулыққа әртүрлі деңгейде зақым келтіру, сонымен қатар сот актісін орындаудан жалтару баптары бар. Сот актісі – ұзақ уақыт төленбеген, төрт кәмелетке толмаған балаға қатысты алимент бойынша 6 миллион теңге көлеміндегі қарыз бар”, – деді адвокат Татьяна Мохначева.

Еске салсақ, атыраулық әйел депутат болған экс-күйеуін зорлық-зомбылық жасады деп айыптағанын жазған едік. 

Талқылау