Атыраудан Алматыға бағыт алған жолаушылар пойызы ақауға байланысты шұғыл тоқтады
Атырау-Алматы бағытымен жүрген №42 пойызы шұғыл тоқтауға мәжбүр болды. Жолаушылар арнайы ұйымдастырылған пойызға ауыстырылды, ал билеттер құнының айырмашылығы өтелетіні айтылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: ҚТЖ
Компания мәліметінше, жолда техникалық вагоннан ақау анықталған.
"20 қараша күні сағат 14:34-те Арал Теңіз-Қазалы аралығында №42 Атырау-Алматы жолаушылар пойызы техникалық вагондағы ақауға байланысты шұғыл тоқтады. Мамандар тексеріс жүргізіп, ақауды жойды. Пойыздарға қызмет көрсету Pate tes Talgo компаниясының жауапкершілігінде", – деп хабарлады Қазақстан теміржолы.
Ақауы бар вагонмен пойыз Қазалы станциясына 18:12-де жетті. Жолаушыларды тасымалдау үшін арнайы пойыз тағайындалды.
"Жолаушыларды тасымалдау үшін №505/506 Қазалы-Алматы-2 бағыты бойынша стандартты вагондардан құралған арнайы пойыз тағайындалды. Пойыздың жөнелтілуі 20 қараша күні сағат 21:00-ге жоспарланған, ал Алматы-2 станциясына келуі 21 қарашада болады. №505/506 Қазалы-Алматы-2 бағыты бойынша стандартты вагондардан құралған пойызға ауысқан жолаушылар билеттер құнының айырмашылығын жолаушыларды, багажды және жүктерді тасымалдау ережелеріне сәйкес алады. Барлық жолаушы тамақ және сумен қамтамасыз етілді", – делінген ҚТЖ хабарламасында.
КТЖ уақытша қолайсыздықтар үшін кешірім сұрап, жолаушылар қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған шараларға түсіністікпен қарауды өтінді. Компания қосымша ақпаратты 1433 тегін нөмірі арқылы алуға болатынын да хабарлады.
Еске салайық, бұған дейін Қарағанды облысындағы Шұбаркөл станциясында жүк вагондары релстен шығып кеткенін жаздық. "Қазақстан темір жолы" АҚ-ның мәліметіне сәйкес оқиға 3 қарашада болған. Локомотив жекеменшік тасымалдаушыға тиесілі. Аталған құрамды жеке компанияның локомотив бригадасы басқарған.