Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Басқа ер адамдармен кездесіп жүргенін білдім": Прокурор Яна ісі бойынша айыпталушыларды өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұрады

Айыпталушыларға өмір бойына жаза сұралды

Фото: Ақжайық/ желі кадрларынан коллаж

Атырауда Яна Маденованың өліміне қатысты атышулы іс бойынша сот жалғасып жатыр. Бүгін сотта басты айыпталушы Ризуан Хайыржанов алғаш рет сөз сөйледі. Ол өзіне бағытталған жеккөрушілік пен айыптауларды "әділетсіз" деп атап, Янамен арақатынасы қандай болғанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Атыраудағы мамандандырылған қылмыстық істер жөніндегі сотта көпшіліктің назарын аударған іс бойынша сот процесі жалғасып жатыр.

Сотта сөз сөйлеген айыпталушылардың бірі Ризуан Хайыржано өзіне және отбасына желілерде бағыт жеккөрушілік пен қорқытулар болып жатқанын жеткізді. Бұған дейін ол түсініктеме беруден бас тартқан еді.

"Мен туралы желіде неше түрлі жаман сөз айтып жатыр. Мені “қатыгез” дейді. Бірақ ешкім бізде не болғанын білмейді", – деді ол сотта.

“Басқа ер адамдармен кездесіп жүріп, есірткі қолданғанын білдім”

Ризуанның айтуынша, ол Янамен 2022 жылдан бері таныс болған. Алдымен достық қатынаста болып, кейін қарым-қатынастары жақындаған. Алайда кейін Янада басқа қарым-қатынас бар екенін білген. Дегенмен бұған қарсы болмапты. 

"Бәрі жақсы еді. Кейін ол темекі шегетінін білдім. Басқа ер адамдармен кездесіп жүргенін, есірткі қолданғанын айтты. Сол кезде қателескенімді түсіндім де, айырылысуға шешім қабылдадым", — деді айыпталушы.

Ол сонымен қатар Янаның анасы "жеңгетайлықпен айналысқан болуы мүмкін" деген сөз айтты. Осы кезде залда отырған марқұмның анасы айқайлап жіберді. Ризуан осы себептерден кейін Янамен ажырасуға шешім қабылдағанын, оған ешқашан ақша беріп, кісі өлтіруге тапсырыс бермегенін айтты.

Сотта екінші айыпталушы Алтынбек Қатимовтың мінездемесі оқылды. Көршілері оны "сабырлы, сәлемдесіп жүретін жігіт" деп сипаттаған. Бұрын жұмыс істеген мекемесі де оны "тәртіпті және еңбекқор қызметкер" деп бағалаған. Алайда жәбірленуші тараптың адвокаты Әбділ Ажар Болатқызы бұл мінездемелермен келіспеді.

"Яна өз өмірін қорғай алмайды. Ал сіздер оны қаралап, айыпталушыларды ақтауға тырысасыздар", – деді ол.



“10 миллион теңге материалдық, 25 миллион теңге моральдық өтемақы”

Марқұмның анасы Галина Легкодимова әр айыпталушыдан 10 миллион теңге материалдық, 25 миллион теңге моральдық өтемақы талап етті. Алайда Ризуан тек жерлеу шығындарын төлеуге дайын екенін айтты. Ал Алтынбек "еңбекке жарамсыз екенін" айтып, өтемақының бір бөлігін ғана көтере алатынын жетізді. 

Прокурор айыпталушылардың іс-әрекеті алдын ала келісілгенін айтып, екеуіне де өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасын сұрады.

"Олар шын өкініп тұрған жоқ, мойындаулары тек жазаны жеңілдету үшін жасалған әрекет", –  деді мемлекеттік айыптаушы.

Жәбірленуші тараптың адвокаты да прокурормен келісе отырып:

"Олар істеген ісіне емес, тек қоғамның пікірі мен өз абыройына алаңдайды. Катимов тіпті Янаны бұрын мүлде танымайтын", –  деді.

STAN.KZ
Бейсенбі, 13 Қараша, 2025 15:20
Талқылау