Ақтөбе облысындағы балабақшалардың бірінде жәндік қосылған ботқа дайындалған
Ақтөбе облысында балабақшада балаларға жәндіктерге толы ботқа дайындалған қойма табылды. Онда жарма антисанитарлық жағдайда сақталған. Атышулы жанжалдан кейін санитарлық дәрігерлер Ақтөбе облысындағы мектепке дейінгі мекемеге тексеріске барды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Қандыағаш балабақшасында балаларға таңғы асқа жәндік қосылған ботқа дайындалғанын қызметкерлердің өздері хабарлады. Олар жағдайды сол сәтте видеоға түсіріп алған. Мектепке дейінгі мекеме басшылығы жәндік қосылған ботқаның балаларға берілмегенін мәлімдеді. Айтуынша, аспазшылар олқылықты дер кезінде байқап, тамақты балаларға бермеген.
Жанжалдан кейін санитарлық дәрігерлер мектепке дейінгі мекемеге барды. Тексеру кезінде олар қоңыздарға толы қойманы тапқан. Дәнді дақылдар сол жерде сақталған екен. Қауіпті өнімнің қалдықтары жойылды. Ал мекеме меңгерушісі, медбике мен аспаз жұмыстан босатылды. Тағы екі асхана қызметкері сөгіс алды. Қойма меңгерушісі де өз еркімен жұмысынан кетті.
“Азық-түлік өнімдерін сақтау орнынан тағы басқа заң бұзушылықтар анықталды. Дәнді дақылдардан жәндіктер табылды. Сұлы ұны үлгілерінен зиянкестер мен жәндіктер табылды. Осыған байланысты комиссия 19 келіден астам өнімнің көзін жойды”, – деді Ақтөбе облысы бойынша санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Лаура Ршауова.
Айта кетейік, бұған дейін желіде тұрғын Астана әкімдігінің асханасындағы тағам сапасына шағымданған еді. Айтуынша, сатып алған ет қосылған құймақтың ішінен түктері бар тері шыққан.