Атырауда Яна Легкодимованың денесін іздеуге 100 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалған
Фото: instagram.com/legkodimova_
Атырауда Яна Легкодимованың денесін мұз қатқан Жайық өзенінен іздеу жұмыстарына 100 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Курсив” басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
23 жастағы Яна Легкодимованың қатыгездікпен өлтірілуіне қатысты тергеу тоғыз айға созылған, оның сегіз айы денесін іздеуге кеткен. Тергеушілердің қолында қыздың бір ғана шұлығы болған, ал Жайық өзенінде мұз қатып жатқан. Бұл жағдай тергеу жұмысын айтарлықтай қиындатқан. Ал мәйітті іздеу жұмыстарына мемлекеттен 100 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалған.
Атырау облыстық ТЖД төтенше жағдайларды жою жөніндегі басқарма бастығы Жантөре Демешевтің айтуынша, бұл сомаға барлық құтқару операциялары, соның ішінде іссапар шығындары мен жанармай-техникалық шығындар толықтай кірген.
“Барлық құтқару операцияларының жалпы сомасы 100 миллионнан асты. Бұл сомаға қосымша шақырылған қызметкерлердің іссапар шығындары, біздің ресурстар, сондай-ақ жанармай-техникалық шығындар кірді. Себебі адамдар әр жолы оқиға орнына шығып, таңнан кешке дейін жұмыс істеді”, – деп түсіндірді ол.
Яна жоғалған сәттен бастап оның сүйектері табылғанға дейін Жайық өзеніндегі іздеу жұмыстары бес рет қайта жүргізілген. Ең үлкен қиындық – қыстың түсуі, өзенге мұз қатуы және дененің ағыс бойымен төмен қарай кетіп қалуы болды.
Жұмыс көлемінің көптігіне, ағыстың қаттылығына және су деңгейінің төмендеуіне байланысты құтқарушыларға өзге өңірлерден әріптестерін тартуға тура келді. Сүңгуірлер өзен түбін 282 мың шаршы метр аумақта түгелдей тексеріп шыққан.
Яна Легкодимованың қатыгездікпен өлтірілген сәтінің видеосы жарияланды (видео)
Дене табылғанға дейін криминалистердің қолында жалғыз заттай дәлел – Янаның шұлығы болған. Атырау облысы ПД тергеу басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға тергеушісі Темірхан Хажмұратовтың айтуынша, мұндай заттай дәлелдермен жұмыс істеу өте қиын.
“Тергеудегі ең күрделі нәрсе – қылмыстық істі хронология бойынша жинау, яғни қылмыс басынан аяғына дейін қалай жасалғанын қалпына келтіру. Сараптамалар жүргіздік. Ең қиыны – істі сотта қарауға жеткілікті бұлтартпас дәлелдерді табу болды”, – дейді тергеуші.
Янаның сүйектерін сегіз ай өткен соң жағалауда демалып жүрген отбасы тауып алған. Жеке басын анықтау үшін ДНҚ сараптамасында Янаның тісі пайдаланылыпты.
“АқЖайық” газетінің бас редакторы Анастасия Шерстянкина Атырауда резонансты оқиғалар орын алса, бұл туралы жұрттың барлығы дерлік бірден хабардар болатынын айтады.
“Қала кішкентай, оның үстіне бұл – Ганюшкино ауылы. Жаңалықтар өте тез таралады. Оларды тапқаны және тіпті олардың есімдері туралы ақпаратты біз баспасөзге шыққаннан кейін 2–3 күн ішінде білдік. Кім екендерін, қандай адамдар екенін де білдік. Әлеуметтік желілерде де түрлі ақпараттар тарап жатты”, – деді Анастасия Шерстянкина.
Журналист үкім жарияланғаннан кейін де, күдіктілер өмір бойына бас бостандығынан айырылса да, Янаның анасының қайғысы басылмағанын айтады. Галина Легкодимова өз ауылына кетіп, күн сайын Яна жатқан бейітке барып жүрген көрінеді.
Еске сала кетейік, 2024 жылдың қазан айында жоғалып кеткен Яна Легкодимованың мәйіті биыл маусымда Атырау облысынан табылған еді. 2024 жылдың 18 қазанында бойжеткен танысының қоңырауынан кейін үйінен шыққан. Бірақ сол күйі үйіне оралмаған. Ол өмірінің соңғы сәттерінде танысының көлігінде болған. Қылмыстық істі қозғауға Янаның күнделігі себеп болған. Марқұм күнделігінде "Р" деген біреуді атап өткен.
17 қарашада сот Янаны өлтірді деп айыпталған 24 жастағы Ризуан Хайржанов пен 25 жастағы Алтынбек Катимовты аса ауыр қылмыстар жасағаны үшін өмір бойы бас бостандығынан айырды.
"Бізден 100 есе жоғары алады": Қазақстан мен шетелдік дәрігерлердің жалақысын салыстырып көрдік