Атырауда мектеп түлегі ҰБТ-дан 140 балл жинады

Атыраулық мектеп түлегі Жазира Кеңесова наурыз айындағы ҰБТ-да барлық сұраққа дұрыс жауап беріп, ең жоғары 140 балл жинады. Дарынды оқушы болашақта филология саласын таңдауды жоспарлап отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Атырау қаласындағы облыстық дарынды балаларға арналған ұлттық мамандандырылған гимназияның 11-сынып оқушысы Жазира Кеңесова наурыз айындағы Ұлттық бірыңғай тестілеуде (ҰБТ) барлық сұраққа дұрыс жауап беріп, ең жоғары 140 балл жинады, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.
Жазира тестілеуге тек мектеп бағдарламасымен ғана емес, қосымша дайындық курстары арқылы да дайындалған. Ол гимназияның белсенді оқушыларының бірі әрі "Парасат" дебат клубының президенті.
Оқу орнының мәліметінше, қаңтар айындағы ҰБТ-да ол 138 балл жинаса, наурыздағы тестілеуде нәтижесін 140 баллға жеткізген. Қазақ тілі мен әдебиетіне қызығушылығының арқасында осы пәндер комбинациясын таңдап, болашақта филолог болуды жоспарлап отыр. Бұған дейін Семей қаласының оқушысы Ерасыл Сайлауов та наурыз айындағы ҰБТ-да 140 балл жинағаны хабарланған еді.
Еске салайық, бұған дейін Астанада Ұлттық бірыңғай тестілеуден ең жоғары 140 балл жинаған Жанайым Рашидке жеке мектеп басшысы Zeekr маркалы электромобиль сыйлады. Жанайым бұл емтиханға бір жылдан астам уақыт бойы жеке мектепте дайындалған. Жеке мектептің жетекшісі әрі ұстазы Рысбек Мәуіт үздік нәтижеге қол жеткізгені үшін қызға заманауи Zeekr маркалы электромобиль табыстады.
"Тарифтер өсіп, мобильді аударымдарға бақылау күшейеді": 1 сәуірден бастап Қазақстанда не өзгереді