Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Атырауда із-түссіз жоғалған отбасының екі баласына қатысты іздестіру жалғасып жатыр – ІІМ

Фото: Ішкі істер министрлігі

Атырауда із-түссіз жоғалған отбасының екі баласын іздеу жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Ішкі істер вице-министрі Санжар Әділовтің айтуынша, іс бойынша арнайы тергеу тобы құрылып, күдіктілерді Қазақстанға жеткізу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Ішкі істер вице-министрі Санжар Әділовтің мәліметінше, жақын арада екі күдікті Индонезиядан Қазақстанға жеткізіледі. Қазір тиісті жұмыстар белсенді түрде жүргізіліп жатыр.

"Осы айда алып келеміз. Алдағы уақытта сіздерге қосымша ақпарат беріледі. Ал іздестіруде жүрген екі адам бойынша тиісті шараларды атқарып жатырмыз. Арнайы тергеу тобы құрылды. Қазір олар Атырау облысында жұмыс істеп жатыр", – деді вице-министр.

Журналистер істің неге ұзаққа созылып кеткенін сұрағанда, Санжар Әділов тергеу аясында кешенді іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты. Оның сөзінше, бұл іске қатысты қосымша ақпарат кейінірек жарияланады.



Еске салайық, бұған дейін 2025 жылдың күзінде Атырау облысы Қызылқоға ауданы Жангелдин ауылында бір отбасының төрт мүшесі із-түссіз жоғалған. Кейін олардың екеуі ерлі-зайыпты Мақсот Қарабалин мен Насипа Өтешқалиеваның мәйіттері үй ауласынан табылды. Ал олардың балалары Мейрамгүл Қарабалина мен Наурыз Мұқанғалиев әлі де іздестіріліп жатыр. Бұл іс бойынша отбасының күйеу баласы Сұлтан Сәрсемәлиев күдікті ретінде іздеуге жарияланған еді.

Айым Атамбаева
Бейсенбі, 05 Наурыз, 2026 11:20