Атырауда фельдшерді өлтіру ісі бойынша 19 адам сот алдында жауап береді

Атырауда жедел жәрдем қызметкерінің қазасына байланысты резонансты іс соттың соңғы кезеңіне жетті. 2025 жылғы тамызда болған қарулы қақтығыс бойынша 19 адам айыпталып жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Аzh.kz порталына сіхабарлайды.
Атырауда жедел жәрдем қызметінің жас фельдшерін өлтіруге байланысты резонансты іс соттың соңғы кезеңіне жетті. Айыпталушылар орнында бірден 19 адам отыр. Олардың басым бөлігі 20-25 жас аралығындағы жігіттер. Алғаш қарағанда қарапайым қала тұрғындары: арасында жұмыссыздар, зауыт қызметкерлері, жеке компанияда істейтіндер, тіпті заңгер де бар. Бұған дейін олардың ешқайсысы құқық қорғау органдарының назарына ілікпеген.
Қайғылы оқиға 2025 жылдың 16 тамызы күні кешке басталған. Вокзал маңы-3А ықшам ауданындағы "Ляпиза" мейрамханасында той өтіп жатқан. Сағат он жарым шамасында екі жігіт арасында жанжал туындап, ол тез арада төбелеске ұласқан. Екеуін сыртқа шығарғанымен, жанжал мұнымен тоқтамай, керісінше екі жақтың да адамдары араласып, үлкен қақтығысқа айналған.
Тергеу нұсқасы бойынша, Жұмыскер ықшамауданынан келген жігіттер өздерін "қорлады" деп санап, "беделді қайтару" үшін таныстары Д.А.-ға хабарласқан. Ол жағдайға араласып, қақтығыс алдын ала дайындалған топтық текетіреске айналған.
Түнге қарай жағдай ушыға түскен. Жұмыскер жақтан шамамен 16 адам жиналып, көліктермен келген. Олар өздерімен бірге қару алып шыққан. Аңшы мылтықтары, кесілген шолақ мылтық, қолдан өзгертілген тапанша және тағы бір тапанша. Тергеу дерегінше, бұл қарулар заңсыз сақталған және тасымалданған. Түн ортасында екі топ Химпоселок ауданында, Менделеев көшесі маңындағы бос жерде кездескен. Көп ұзамай атыс басталып, тұрғындар арасында дүрбелең туғызған. Қарулы қақтығыс тұрғын үйлерге жақын жерде болған. Алғаш болып қарсы тарап оқ атқан. Жауап ретінде Д.А. да оқ жаудырып, өз адамдарын да атысқа бұйырған. Осыдан кейін екі жақ арасында қарулы қақтығыс басталған.
Оқтың бірі жедел жәрдем қызметінің 23 жастағы фельдшері Азамат Асылбековке тиген. Оқ кеуде тұсынан өтіп, өмірлік маңызды ағзаларын зақымдаған. Ол оқиға орнында көз жұмған. Оқиғадан кейін қатысушылар жаппай қашып, қаруларды жасыруға тырысқан. Бір бөлігін көміп, бір бөлігін таныстарының үйлеріне жасырған. Кейін олар қайта жиналып, қылмыстың ізін жасыру жолдарын талқылаған. Істе қаруды жасыруға көмектескен тағы бір адам бар, оған қылмысты жасыру бойынша айып тағылған.
Айыпталушылардың біріне топ болып адам өлтіру, енді біріне бұзақылық, тағы біріне заңсыз қару сақтау бойынша айып тағылған. Олардың арасында ұйымдастырушылар да, тікелей орындаушылар да, сондай-ақ "өз адамдарын қолдағандар" бар. Қазір айыпталушылардың бір бөлігі тергеу изоляторында отыр, ал бір бөлігі үйқамақта. Іс мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотқа жолданған. Айта кетейік, бұл айыпталушыларға қатысты сот процесі ғана. Сонымен қатар қаза тапқан фельдшердің достарына қатысты іс те қаралып жатыр. Тергеу мәліметінше, олар да қару қолданған. Бұл іс бойынша сот отырысы да аяқталуға жақын.
Еске салайық, бұған дейін Астанада 21 жастағы фельдшер Ұлдана Мырзуан жұмыс барысында қайғылы жағдайда қаза тапты. Оған ғимараттың сыртындағы кондиционер блогы құлаған. Оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырып, қауіпсіздік талаптарының сақталуы мәселесін көтерді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев фельдшерді “Ерлігі үшін” медалімен марапаттады. Қазіргі уақытта оқиға бойынша тергеу жүргізіліп жатыр, негізгі себеп ретінде құрылыс нормалары мен кондиционер орнату талаптарының бұзылуы қарастырылып отыр. Денсаулық сақтау министрлігі Ұлдананың есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында оның оқыған колледжінде арнайы аудитория ашып, қабіріне ескерткіш орнатқан.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті бір киіз үйді 13,5 миллион теңгеге сатып алған